Ішкі саясат ең бірінші ұлттық мүддеге , мемлекеттік саясатқа қызмет етуі керек. Мұндай пікірді BIZDIÑ ORTA подкасында Мәжіліс дептутаты Ермұрат Бәпи білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
— Қазіргі кезде қарап отырсақ, біздегі ішкі саясат әрбір әкімнің тікелей мұрасы болып кетті. Әр әкімнің ішкі саясаты бар. Ішкі саясат бөлімінің бәрі әкімдерге қызмет етеді. Ішкі саясат ең бірінші ұлтқа, ұлттық мүддеге, мемлекеттік саясатқа қызмет етуі керек. Одан кейін ғана уақыты қалса әкімнің анау-мынау іс-шарасына, барып кел, шауып келіне қызмет етуі қажет. Ең бастысы біздің мемлекеттігіміз. Ал мемлекеттің негізгі керегесін, уығын ішкі саясат ұстап тұруы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде көптен бері сұраныста болған құжат (ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат) деп есептеймін, — деді Ермұрат Бәпи.
Мәжіліс депутаты аталған құжатты әзірлеуге, депутаттар, мемлекеттік органдармен қоғамдық институттар қатысуы керектігін айтады.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осыдан біраз уақыт бұрын ішкі саясат басқармаларын өзгерту керектігі туралы Үкімет атынан депутаттық сауал жолдағанын атап өтті.
— Ішкі саясат дегеннен кетіп, Қоғаммен байланыс департаменттерін құру туралы ұсыныс берген едім. Еститін мемлекеттің принципін ары қарай іске асыруымыз қажет. Ішкі саясат басқармалары ақпаратпен және насихатпен айналысады. Екіжақты бірдей серіктестік моделі жоқ. Біз бұрынғы қалып қойған әкімшілік-командалық мемлекет басқарудың элементтерін әлі ұстанып отырмыз. Енді Президенттің «еститін мемлекет» принципін алар болсақ, онда жергілікті билікте, министрліктерде еститін құлақ болуы тиіс. Барлық дамыған елде, тіпті үлкен корпорацияларда Қоғаммен байланыс департаменті бар. Демек, біз қоғамдағы барлық проблеманы сүзіп алып, соған сай қызмет етуіміз қажет, — деді ол.