Current Date: 19-03-2025

Қазақстанда 68 кинотеатр кассалық түсімін жасырмай көрсетіп отыр

Мәдениет және ақпарат министрлігі "е-Кино" бірыңғай кино мониторинг жүйесін әзірледі.

Оған 103 кинотеатрдың 68-і қосылған. 30,4 млн теңге кассалық түсім есепке алынды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл жүйе киноиндустриядағы ашықтықты арттыру, елімізде кассалық түсімдерді әділ бөлу міндеттерін атқарады. "е-Кино" жүйесіне деректер кинотеатрлардың билет сату жүйесінен нақты уақыт режимінде түседі. Жүйе жекелеген сеанс және фильм көрсетіліп жатқан өңір бойынша көрермендер саны мен кассалық түсімдерді бақылауға, билеттерді жүктеу үрдісін мониторингтеуге, кино көрсетілімдері мен түсімдерін жанр, тіл және өндіріс елі бойынша талдауға мүмкіндік береді", – деді Аида Балаева Үкімет отырысында.

Сөзінше, қазір "е-Кино" жүйесі сынақ режимінде пайдаланылып отыр.

"Жүйеге 103 кинотеатрдың 68-і қосылған. 30,4 млн теңге кассалық түсім есепке алынды. 20 310 билет тіркелді. Қазіргі таңда жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тестілеу мәселесі қарастырылуда. Бұл оның өнеркәсіптік пайдалануға енгізілуіне мүмкіндік береді. "е-Кино" – креативті салаларды цифрландырудың алғашқы қадамы", – деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, осыған дейін креативті индустрия нысандарының жартысынан астамы Алматы мен Астанада екенін жазған болатынбыз.