Current Date: 19-03-2025

Шөп шауып, көкпар тартқан

Кең байтақ қазақ даласына қоныс аударған түрлі этностың миллиондаған өкілі қонақжай қазақ халқына ризашылығын білдіруді дәстүрге айналдырды. Осы орайда Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының сәулелі зерттеу бөлімшесінің ­лаборанты Николай Недоводеевпен аз-кем тілдескен едік. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген жас маман Отаны мен ортасына зор алғысын жеткізді.

– Николай Сергеевич, сөз басын туған жер, өскен ортаңыздан бастасаңыз. Меди­цинаға жүрек қалауыңызбен келдіңіз бе?

– Ауыл – қазақтың алтын тамыры, ұлты­мыздың ұйтқысы ғой. Сондықтан өзім туып-өскен мекенім Оңтүстік Қазақстан облысы Шақпақ баба ауылын мақтан етемін. Киелі мекенде 14 жасыма дейін ата-анаммен тұрдым. Достарым Аян және Рашид үшеуміз ауылдың шаңына аунап-қунап, ауыр жұмысқа әбден ысылып, мал бағып, шөп шауып, көкпар тартып өстік. Ауылымыз­да барлығы қазақ тілінде сөйлейтін еді. Сон­дықтан отбасымызбен Қонаев қаласына қоныс аударғанымызда орыс тілін меңгеріп, еркін сөйлеу қиынға соқты. Себебі орыс болсам да, жүрегім «қазақ» деп соққан азаматпын. Мектептен соң медициналық колледжге түсіп, оқуымды ойдағыдай аяқ­та­ғаныма да бес жыл толып қалыпты. Маман­дығымды адаспай таңдағаныма күнде қуа­намын. Медицина саласында еңбек ететінімді кішкентай кезімнен-ақ білетінмін. Өйткені дәрігер, медбикелерді көргенімде жүрегім ерекше сезімде болатын.

– Еңбек ететін бөлімшеңіздің жұмыс жайын тарқата кетсеңіз.

– Бөлімшенің құрамына рентгено­диаг­ностикалық кабинет, флюорографиялық кабинет, рентгендік компьютерлік томография кабинеті, магнитті-резонансты томография кабинеті кіреді. Бөлімшеде жұмыс істейтін дәрігерлер жақын және алыс шет елдердегі ірі республикалық орта­лықтарда оқыған. Бөлім жетекші әлем­дік өндірушілердің диагностикалық жабдық­тарының толық жиынтығымен жабдық­тал­ған. Жалпы, кез келген емдеу үдерісінің сапасы ең алдымен сенімді және толық диагнозға байланысты ғой. Сондықтан мен жұмыс істейтін бөлімшеде диагнозға ерекше жауап­кершілікпен қарайды. Сәуле­лік диаг­нос­тиканың жоғары білікті дәрігер­лері мен заманауи рентгенодиагностикалық аппаратураның барлық спектрі – дұрыс ­диагноз қоюдағы табыстың кепілі. Сәулелік диагностика – бұл медицинадағы дербес бөлім, ол сәулеленудің әртүрлі түрлерін қол­дану негізінде диагностикалық мақсат­тарға кескін алудың әртүрлі әдістерін біріктіреді.

– Қазіргі ортаңызда қандай этнос өкіл­дерімен араласып тұрасыз?

– Ұжымымыз өте үлкен. Мұнда татар, өзбек, ұйғыр, кәріс, украин, басқа да этнос өкілдерімен бір отбасының балаларындай еңбек етеміз. Бір-бірімізге бағыт беріп, қамқор болу, сүрінгенге сүйеніш, жылағанға жұбаныш болуды басты парызымыз санаймыз. Мұндай асыл қасиет пен кең пейіл дарқан даламыздан, қазақы қасиеттен бойымызға дарыды.

Кейінгі уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің айтарлықтай көбейгенін бас­ты жетістігіміз деп білемін. Қазақша өзім ғана емес, үйдегі ата-анам, бауырым, жұбайым Настя, қызым Эмилия да сөй­лей­ді. Мемлекеттік тіл – ана тіліміз тәрізді, әрқашан құрметтейміз. Қабылдауыма келген пациенттердің қалауына қарай екі тілде еркін тілдесемін.

Наурыз – ырыс-ынтымағымыз артып, ор­тақ тағдыр тоғыстырған халқымыз бір-біріне шы­найы алғыс сезімі мен ризашылығын біл­діретін айтулы ай екені сөзсіз. Ұлт пен ұлыс ара­сындағы өзара құрмет пен сыйластық біз­ді жаңа биіктер мен белестерге бастай бере­тініне сенімім мол. Мүмкіндікті пайдалана отырып, туған еліме, жерлестеріме, өзім еңбек етіп жүрген аурухананың директоры Айман Ғалымжанқызына, әріптестеріме, ата-анама, жақындарыма ерекше алғысымды білдіремін!

Алматы облысы,

Қонаев қаласы