Олар Украинаны қайткен күнде де орта жолда қалдырмайды.
Бұл туралы Германия канцлері Олаф Шольц пен Франция президенті Эммануэль Макронның өзі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
– "Украина бізге сенім арта алады, Еуропаға арқа сүйей алады" деген пікірде екі елдің ұстанымы бірдей. Біз оны жарты жолда қалдырмаймыз, – деді Шольц кеше Берлинде Макронмен келіссөздерден кейін.
Германия канцлері АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы телефон арқылы өткен келіссөздерге де пікір білдірді. Бұл келіссөз барысында Путин Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымға 30 күн бойы соққы жасамауға келісім бергенімен, соғыс қимылдарын толық тоқтатудан бас тартты.
Шольцтың сөзінше, энергетикалық инфрақұрылымға шабуылды тоқтату шешімі маңызды алғашқы қадам болуы мүмкін, бірақ, басты мақсат – соғысты толық тоқтату.
Өз кезегінде Макрон Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру және Киевтің бейбіт келіссөздерге қатысуы қажет екенін айтты. Шольц те бұл пікірді қолдап, "Украинасыз ешқандай шешім қабылданбауы керек" деп мәлімдеді.
Сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескен еді. Кремльдің хабарлауынша, Ресей басшысы өз әскеріне Киевтің энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққы жасамауға бұйрық берген.
Бұған дейін Трамп пен Путиннің қандай келісімге келгенін жазған едік.