Current Date: 19-03-2025

Мәжіліс спикері 3 жылдың ішінде елімізде қандай өзгерістер болғанын айтты

Осы кезеңде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі туралы баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның үштен біріне демократиялық принциптерге сай түбегейлі өзгерістер енді. Үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарып-жаңғырды. Конституциялық референдум, Президент және Парламент сайлауы өтті. Жалпы, бұл өзгерістер президенттік институттан басталды. Суперпрезиденттік басқару жүйесі шектелді. Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Мемлекет басшысының жеке бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді", — деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Қошановтың айтуынша, бұл болашақта биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін заңды тетік болды. Мұндай тәжірибе әлемнің санаулы мемлекеттерінде ғана бар.

"Түрлі деңгейдегі өкілді органдардың құрамы қайта жасақталды. Аудан, ауыл әкімдері сайланбалы жүйеге көшті. Елдегі саяси ұйымдардың, азаматтардың белсенділігі арта түсті. Бұл қоғамды жұмылдырып қана қоймай, есейтті десе де болады. Көз алдымызда халықтың ой-санасы өзгерді.

Құндылықтары жаңарды", — деді Мәжіліс спикері.