Current Date: 19-03-2025

Билік пен қоғам ортақ тіл табысса ғана «Жаңа Қазақстан» идеясы жүзеге асады - Бәпи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи 20 жыл бұрын жойылған бір мандатты можаритарлық сайлау және сайлану мүмкіндігі президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси реформаның арқасында қайтадан қалпына келгенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі .

Оның сөзінше, елді халықтық тұрғыда басқарудың осы мүмкіндігін қастерлей және болашақтың жасампаз мұраты ретінде бағалай біліп, бұл сайлау жүйесінің мүмкіндігін дамыту керек.

Мен бұл мүмкіндіктің қоғам үшін құндылығын билікпен ширек ғасырлық теке-тіресте болып, біраз қоғамдық-саяси ғана емес, тіпті қылмыстық уақиғаларды көзбен көріп, куә болған, талай қудалауды бастан кешкен азамат ретінде айтып отырмын.Міне, бұдан үш жыл бұрын елімізді шарпып өткен қайғылы Қаңтардан кейін нақты және батыл қолға алынған өзгерістер дәуірінің қайнар көзі – сайлау жүйесінен басталды. Саяси биліктің бұл шешімін кімдер әсіре асқақтатып, ал сындарлы қоғамда енді біреулер қандай қыжылмен айтса да, тәуелсіз кандидаттарға мүмкіндік жолын ашқан осы – бір мандатты сайлау жүйесіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бастамасы мұрындық болғаны Қазақстанның жаңа тарихында жазылып қалатын ақиқат болмақ, — деді депутат.

Ол тағы да сол сындарлы әлеумет «кібіртігі көп» деп, сретті-ретсіз сынап жатса да, сол өзгерістер бастамасының нәтижесінде Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде можаритарлық мандатпен келген депутаттардың бір шоғыры пайда болғанын айтты.

Қоғам мен мемлекеттік билік арасына дәнекер көпір салуға әрекет қылып жүрген бұл депутаттардың дәрменді дауысы барған сайын батыл шыға бастағанын құлағында «саяси мүкісі» жоқ қауым естіп отырғаны айдан анық.Иә, «кібіртік» демекші, Қазақстанның жаңа тарихында «реформалар кезеңі» деген таңбамен қалатын дәуірдің барысында түрлі себептерге байланысты кідірістер барын да жоққа шығаруға болмайды. Елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық сүрі мұраның «мұрынын бұзып», қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз. Ескілердің ерегескен қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің «Жаңа Қазақстанға» қарай атқан тасы «ескілердің» есесін күйттейтіне куә болып жүрміз, — деді ол.

Мәжілісмен жеке дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзі жеткенін айтады.

Бұл дерттің дәрмені аппараттық вертикалды дендеп алғанын депутаттық сауалдары мен қоғамдық мүдде тұрғысындағы азаматтық талаптарына тиісті жауап ала алмай жүрген әріптестерімнің де көзі жетті деп білемін. «Протестік қауым» дегенде, ең алдымен кез-келген өзгеріс өздігінен келмейтінін, реформаның оңайлықпен жасалмайтынын, өкілетті биліктің бір пұшпағында жүрген менің пікірім арқылы, қоғам да түйсінуге тырысса деп ойлаймын. Бірінші кезекте, реформаның жедел жүруіне мемлекеттік органдардың аппараттары ғана емес, ескі режимнің қыспағында қалып, демократиялық даму формациясы кенделеп қалған қоғамның өзі де дайын болмағаны жасырын емес. Оның бір дәлелі – қоғамның бірбеткей сыншылары жаңа жүйемен конструктивті пікір табысу арқылы өзгерістер жасауға ыждаһатты ықылас білдірудің орынына, өңі ғана емес, мазмұны да өзгерген жаңа Парламентті бітіспес оппонент санайтын үдеріс тудыруға құлшынып жүр. Билік пен қоғам ортақ тіл табыспайынша, «Жаңа Қазақстан» идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес, — деді Бәпи.

Елдегі өзгерістерді қоғамның тікелей қатысынсыз билік жеке дара жасай алмайды. Өзгерістер ұлттық, елдік, мемлекеттік идеяға айналуы үшін, жарқын өмірге бастайтын ортақ мүдде жолында қос тараптың мәмілелі түйісу нүктелерінің болғаны ауадай қажет!

Елдегі «өзгерістердің үш жылдығы» дегенде, Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру мақсатында жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқыны берген президенттік уәдесі ғана емес, ең бастысы – перзенттік парызы деп түсіну керек. Бұл орайда мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент жедел түрде тиісті органдардың орындауына қажетті тиісті заң қабылдап берді. «Ескі жүйеде» есесі кеткен халықтың қазынасын толтырудың қамымен соңғы екі жылдың ішінде 2 триллон теңгеге жуық актив қайтты деген ақпарат бар. Сол тиісті органдар қайтарылған қаражат халыққа қажетті әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салуға жұмсалуда дейді. «Дейді» деп, сырттан сырғыта сөйлеуімізге ел президенті бастамасын уәкілетті органдардың орындау барысына көңіл толмағандық себеп болып отыр. Басқасын қайдам, сол екі триллионның тең жартысын екі олигарх қана қайтарған екен. Ал президенттің тілімен айтқанда, «ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархаттан қайтарылуы тиіс активтер қайда?, — деді мәжілісмен.

Сөз соңында депутат жергілікті әкімдердің сайланып қою жөніндегі президенттің тағы бір реформалық бастамасын тілге тиек етті.

Халықтың өзін-өзі басқару принциптерін өркениетті әлемнің саяси дәстүрі негізінде қалыптастыру қағидасы қоғамда қызу қолдаумен қабылданғаны рас.Бірақ осы сайлаудың нәтижесінде сайланған әкімдердің дербестігі мен жергілікті әкімдіктердің бюджет-қаражат жүйесін жетілдіру бағытында әлі де көп жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бюджетсіз әкім – ескексіз қайықтай! — деді Ермұрат Бәпи.