Бұл туралы оның жаттықтырушысы журналист Ақерке Өмірханқызына айтып берген.
Спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев дзюдошының денсаулығында шамалы кінәрат бар екенін жасырмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елдос Сметов жыл соңында Токиода өтетін "Гранд-Слэм" турниріне қатысуды жоспарлап отыр.
– Елдостың денсаулығы біраз емдеуді қажет етеді. Қазір толық медициналық тексеруден өтіп, ем-дом қабылдап жатыр. Барлығы сәтті аяқталса, жаттығуды қайта бастап, 2025 жылдың соңында Токио татамиінде күресуге толық дайын болады, – дейді Ғалымжан Жылгелдиев.
Дзюдошының жеке бапкері өзінің арманы бар екенін де айтып өтті.
– Менің үлкен бір арманым бар. Ол Елдос татамиге алтын жазуы бар кимономен оралса, тағы бір мәрте ел абыройын асқақтатса деген. Бұл сәт тек біздің команда үшін емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін мақтаныш болар еді, – деп сөзін қорытындылады ол.
Еске салайық, Елдос Сметов – елдегі үш мәрте Олимпиада жүлдесін иеленген санаулы спортшының бірі. Ол
Рио-де-Жанейро Олимпиадасында күміс жүлде еншілесе, Токиода қола, Парижде алтын жүлде иегері атанды.