Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов халық тарапынан айтылатын сындарға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы үш жылдықтағы саяси реформалардың аралық нәтижесіне арналды.
"Жасағанымыздан алда жасайтынымыз көбірек. Ұлы жетістіктерге бара жатқанымыз анық. Қазақта "балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса" деген жақсы сөз бар. Осы сөздің мағынасын мен шынымен Мәжіліске келгенде ғана түсінгендеймін. Менің күнделікті жұмысқа келетін сапарымдағы
әр қадамым аяғымды еріксіз дірілдетеді. Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар. Қазақ үшін қашаннан да бері елдің аманаты мен сенімінен ауыр жүк жоқ. "Дөп" бассаң – ел үмітін ақтаған ерсің, "қалт" бассаң – жаудан бетер езсің!" — деді ол.
Депутат шенділер, халық қалаулылары көтерген кейбір мәселелер сынға ұшырайтынын да жоққа шығармады.
"Кейде тіпті көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, "Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па? Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелер қозғайды" деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі біз — бір мемлекетпіз! Сондықтан ұсақ, ірі демей, әр мәселеге бірдей жұмылуымыз керек. Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек. Жұмыла көтерсек, жүгіміз жеңілдейді", — деді Зайытов.
Ол алда шешімін табуы қажет тағы бір мәселені көтерді.
"Ендігі сөзімді жеткен жетістіктерге емес, 30 жылда кеткен кемістіктерге бұрғым келеді. Өйткені оған бүгін назар аудармасақ, ертеңімізге апат болып келуі әбден мүмкін. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түпкірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар таусылмайды", — деді депутат.
Зайытовтың сөзінше, бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кеткен.
"Қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп болды десеңіздер, бірден жауап беру қиын. Өйткені оның себебі біреу емес. Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, т.с.с. осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр.
Өзімшілдік пен менмендік қоғамның басты індеті болып тұр. Бүгін ойланбасақ, ертең кеш болмақ. Сондықтан, кешіктірмей идеологиялық тәрбие жұмысын күшейтуді бастау керек", — деп ескертті депутат.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!