Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден 2025 жылғы 19 наурызда Мәжіліс алаңында елордада жұмыс күнін қысқарту мүмкіндігі туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистер Астана мәслихатының депутаттары мемлекеттік органдар мен мекемелердің жұмыс кестесін қайта қарау ұсынысымен қатар қаладағы жұмыс күнін қысқарту мәселесін де қарастыра ала ма деген сауал қойды.
"Сегіз сағаттық жұмыс кестесі болады, бірақ кейбірі ертерек, кейбірі кеш басталады (жұмыс кестелері қайта қаралған жағдайда. – Ред.). Жұмыс күнін қысқарту мәселесі талқыланбайды", – деді Табиғат Зейнұлқабден.
2025 жылдың 18 наурызында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев министрліктердің жұмыс уақытын қайта қарау мүмкіндігі туралы айтты. Бұл шара қарбалас уақытта қаладағы кептеліс мәселесін шешуге бағытталған.