Соңғы апталарда Алматы жолдарында мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны күрт өсті.
Жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы мен жауапсыз жүргізушілердің әрекеті жағдайды күрделендіруде. Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, кейбір жүргізушілер жылдамдықты асырып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, бағдаршам мен қауіпсіздік ережелерін елемейді.
"Мұндай тәртіп бұзушылар өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Сондықтан оларға қатаң шаралар қолданылады – айыппұл салынып, кейбір көлік құралдары тәркіленеді. Биылғы жылдың басынан бері 5 508 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 465 мопед айыппұл тұрағына қойылды", – деді ол.
Соңғы бес күнде Алматыда мопедтердің қатысуымен 23 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 22 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, екі адам көз жұмды, олардың бірі – кәмелетке толмаған бала.
Полиция барлық жүргізушіні, соның ішінде мопед тізгіндеушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.