Current Date: 19-03-2025

Жамбыл облысында жылқы ұрлағандар сотталды

2024 жылдың сәуір айында бір фермер Байзақ аудандық полиция бөліміне жалпы құны 10 миллион теңге болатын 18 бас жылқы ұрлығы туралы шағым түсірген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді.

Полиция қызметкерлері 4 адамнан құралған топты анықтады. Жоғарыда аталған жылқыларды ұрлағаны үшін қылмыстық іс аясында жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында 2024 жылдың маусым айында құны 1,5 миллион теңге болатын 3 сиыр ұрлағаны үшін төрт адамның үшеуі әшкереленді.

Ізінше ұрланған мал сойылатын орын табылып, мал еттері заттай дәлелдеме ретінде алынды. Бұл адамдар алдын ала сөз байласу арқылы түнде жеңіл көлікпен жайылып жүрген жылқылар мен сиырларды іздеуге шығатыны анықталды.

Олардың бірі малды сою үшін арнайы дайындалған қасапханаға айдаса, басқалары мал еттерін сатуды қамтамасыз еткен.

Сондай-ақ, олардың облыстың әртүрлі аудандары мен елді мекендерінде орнатылған құны 2,2 миллион теңге болатын 5 ұялы байланыс мұнарасының 36 батареясын ұрлағаны анықталды.

Сот үкімімен 4 сотталушы ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы және ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 2) және 3) тармақтарымен кінәлі деп танылып, олар 7 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.