Current Date: 19-03-2025

«Қазір уағыз тыңдайтын жастар көп»: Дарын Мубаров өзін іздейтіндердің қарасы көп екенін айтты (ВИДЕО)

Танымал дінтанушы Дарын Мубаров кейінгі кездері дінге қызығушылардың қатары көбейгенін айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

”Алланың қалауымен шетелдерді өте көп көрдім. Еуропадағы кейбір жетістіктер таңдай қақтырады. Бірақ олардағы рухани дағдарыс өте жоғары. Қазір неге ата-бабасы мұсылман болмаған Еуропа елдерінде адамдар исламға келіп жатыр. Себебі, олар рухани шөлдеді. Материалдық проблемалары жоқ шығар, дегенмен олар базарда сатылмайтын дүние іздеп жүр. Ол — аманат, иман, адалдық, кешірім. Бұрын мұсылмандар аз болатынбыз. Ең алғаш рет 94-ші жылдары маңдайым сәждеге тисе, 96-шы жылдары бірдеңе түсініп елге жеткізгіміз келгенде соны айтатын адам таппадық. Қуалап жүріп айттық, ешкім тыңдамайтын. Қазір қашып жүріп уағыз айтым жүрмін. Оларда уақыт көп, менде уақыт жоқ. Бір сұрағым бар, кездесейік, шәй ішейік дейтіндер көп. Бірақ, сол кезде жоқ нәрселер қазір менде бар. Ол уақыттарда өзімізді жалғыз сезінетінбіз, қалай түсіндіреміз, дін жетпейтін шығар деп уайымдайтынбыз. Қазір жеткізіп жатқандар көп. Мен алғаш мешітке имам болып барғанда апалар мен аталар отыратын. Бес адамға уағыз айтатынмын. Қазір керісінше, қариялар жоқ, орынды жастап толтырып жатыр”, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол қазіргі уағызшы, имамдарды мақтауға қорқып қалғанын да жасырмады.

”Кейінгі уақыттарда көңіл толатын имамдар көп. Сондай-ақ, біз туралы алып-қашпа әңгімелер де жетіп жатыр. Кей кезде өзімізді интернеттен көріп танымай қаламыз. Қазір бір имамды мақтасам, сол имам туралы “бұны Дарын мақтапты, ауыз жаласқан сәләфи шығар, уахаби” деген сөз тарайды. Маған бір имамның кітабын тексеруге берген еді. Оқысам, әжептеуір білімі бар екен. Риза болып, бір отырыста мақтаған едім, артынша сол имамға қиындықтар туындапты. Кейін ол маған келіп, “Дарын аға, арамыздағы байланысты айтпай-ақ қойыңызшы, әңгіме көбейіп кетті”, деді. Шынын айтқанда, қазір жүрегің тыныштық табатын, үміт сыйлайтын, көңілің орнына түсетін имамдарды көремін, оларға дұға жасаймын”, — дейді ол.