Нысан оң жағалауда орналасады .
2025 жылғы 6 наурызда сағат 10:00-де Астана қаласының оң жағалауындағы №2 қалалық емханасының филиалында "Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы" ШЖҚ РМК донорлық пункті ашылады, деп хабарлайды inbusiness.kz Денсаулық сақтау министрлігінt cілтеме жасап.
Енді оң жағалаудың тұрғындары қан тапсыру үшін сол жағалаудағы Орталыққа бармаса да болады, бұл донорлардың уақыты мен күш-жігерін біршама үнемдейді. Сонымен қатар, емхана пациенттері де сол жерде қан тапсыра алады.
Жаңа пункттің ашылуы медициналық мекемелерді қауіпсіз қан компоненттерімен қамтамасыз етуге және қала тұрғындарының донорлықтың маңыздылығы туралы білімін арттыруға көмектеседі. Донорлық қан ауыр жарақаттар, операциялар, аурулар кезінде және өзге де шұғыл жағдайларда өте маңызды емдік құрал. Бір қан донациясы үш адамның өмірін сақтайды!
Кімдер донор бола алады?
Жасы 18-ден асқан; салмағы 50 кг және одан жоғары; қарсы көрсетілімдері (созылмалы аурулар, инфекциялар, жақында болған операциялар және т.б.) жоқ адам.
Донорға берілетін кепілдіктер қан тапсырған күні жұмыстан босатылу (жалақыны сақтай отырып); қосымша демалыс күні (жеке немесе еңбек демалысына қосуға болады); адам өмірін сақтау мүмкіндігі.
Қауіпсіз процедура: стерильді және бір рет қолданылатын құралдар пайдаланылады, барлық санитариялық нормалар сақталады.