Current Date: 19-03-2025

Көкшетауда жаңадан салынған мектеп сапасы сын көтермейді

Көкшетауда жаңадан салынған мектеп сапасы сын көтермейді. Екі жыл бұрын пайдалануға берілген білім ошағының көктем келсе төбесінен су сорғалап, терезелерінен жел улейді. Жергілікті билік өкілдері олқылықтарды жоққа шығармайды. Мәселе қашан шешілмек?

Иә, мектептің сырты жаңа болғанымен, ішкі көрінісі осындай. Төбеден су аққанын мына қабырғаларға қарап аңғаруға болады. Қазір мұнда шатырдан бөлек, кәріз жүйесіне де қатысты мәселе бар.

Раиса Жанғалиева, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Септик қазір толып қалып жатыр. Егер байқаған боласаңыздар, бұл маңай таулы өңір. Таудан қазір сулар ағып, ойысқа қарай жылжып септикті толтырып жатыр. Оны қазір біз машиналарды жалдап тазартып жатырмыз.

«Қазір мектепте 1 мыңға жуық бала оқиды. Бұл олқылықтар оқушылардың білім алуына кедергі келтірмейді»,– дейді жауапты мамандар.

Раиса Жанғалиева, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-2023 жылы осы ақаулар бізде анықталған болатын. Арнайы комиссия жасалды. Осы ақаулықтарды жөндеу бойынша біз мердігерге хат жолдадық. Одан кейін сот арқылы да осы талап еткен болатынбыз. Алайда мердігер бұл талапты орындаған жоқ. Қазіргі таңда біз келесі құжаттарды дайындап жатырмыз.

Бұл мектептің ашылуын жергілікті тұрғындар көп күтті. Білім ордасының құрылысы бақандай сегіз жылға созылып, екі мердігер ауысқан.

Азамат Байқуанышев, құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Барлық олқылықты осы нысанды тапсырған екінші мердігер түзетеді. Ал шатырды салған бірінші мердігердің үстінен тағы бір арыз жазбақпыз. Құрылыс сапасы өте нашар болғандықтан, мемлекет қаржысын қайтаруын талап етеміз.

Қазір мектеп шатырын ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жергілікті билік өкілдері барлық кемшілікті жаңа оқу жылына дейін түзетеміз деп сендірді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко