Current Date: 19-03-2025

Астанада заңды айналып өтіп, "тазы" тұқымын патенттеп алған қауымдастық сотқа тартылды

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына "Қазақстан кинологтар одағы" РҚБ мен Экология министрлігі "Қансонар" аңшылар қоғамдық бірлестігіне берілген патентті жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгінді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сотта 2024 жылдың 30 желтоқсанында Зияткерлік меншік институты жауапкерге "Қазақтың тазы ит тұқымы" селекциялық жетістігіне патент бергені, алайда, сот ісін қарау барысында патент беру кезінде патентке қабілеттіліктің маңызды шарттарын бұзу фактілері анықталды.

Тазы тұқымы – қазақтың көне ит тұқымы және бұған дейін Қазақстан Республикасына халықаралық деңгейде тіркелген.

2023 жылы Кинологтар одағының өтініші негізінде жүргізілген зерттеудің (соның ішінде медициналық, генетикалық) нәтижелері бойынша FCI Халықаралық кинологиялық федерация оң қорытынды шығарып, оның негізінде FCI-дің Бас комитеті "Қазақтың тазы тұқымын" тану туралы шешім қабылдап, Қазақстан Республикасын оның шыққан елі ретінде ресми түрде бекіткен.

Сонымен, "Қазақ тазысы" жаңа тұқым емес, себебі ол жаңа нәрселердің шарттарына сай келмейді, сонымен қатар жауапкерге дербес ежелгі қазақ тұқымы ретінде патент берілмес бұрын заңды түрде бекітілген.

"Алынған патент жауапкерге осы тұқымды иттерді (күшіктерді) өндіруге, өсіруге және сатуға, асыл тұқымды материалды экспорттауға және импорттауға айрықша құқық береді және республика бойынша басқа ит иелері мен өсірушілерге қатысты мұндай құқықтарды шектейді. Ал, бұл шектеулер иттердің дамуы мен танымал болуын қиындатып, еркін қолжетімділікті шектейді. Бұл ұлттық мүддеге қайшы келеді және генетикалық қордың сақталуына қауіп төндіреді", делінген сот хабарламасында.

Аталған шектеулер "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңның нормаларына тікелей қайшы келеді, себебі Заңға сай қазақы ит тұқымын сақтау және өсімін молайту мемлекет бақылауында.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот шешімімен патентті жарамсыз деп тану туралы талап қою қанағаттандырылды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін қазақтың тазысы мен төбетінің өз мерекесі пайда болатынын жазғанбыз.