Current Date: 19-03-2025

Қазақ Әнұраны Малайзия төрінде шырқалды

Күні кеше шетелдік азаматтың Әнұранды нақышына келтіре орындағаны желіде тарап, көпті тәнті етті. Ол азамат кім? Не мақсатпен қазақ тілін үйренген?

Бұл – малайзиялық азамат Азизи Замхари. Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы әуежайда сатушы болып жұмыс істейді. Оның еліміздің рәмізіне деген құрметі ерек. Әнұранды осыдан 10 бұрын жаттаған, содан бері күн сайын айтып жүреді. Оның сырын өзі былай түсіндірді.

Азизи Замхари, Малайзия тұрғыны:

-Маған Әнұрандарыңыз қатты ұнайды. Үні өте әсерлі, өте айбынды. Оркестрмен орындағанда, оранжировкасы күшті. Тыңдағанда қатты рухтандырады. Мен өзге елдердің мәдениеттерін Әнұрандары арқылы білемін. Сіздердің Әнұрандарыңыз – ол кең байтақ елдеріңіз, мәдениеттеріңізден хабар береді.

20 шақты тіл білетін, 4 тілде еркін сөйлейтін малай азаматы ғаламтор арқылы Қазақстан жайлы үнемі оқып-біліп жүреді екен. Ендігі арманы Қазақ еліне келіп, руханиятымызбен терең танысып, өзінің білімін жетілдіргісі келеді.

Азизи Замхари, Малайзия тұрғыны:

-Маған бешбармақ ұнайды. Енді елдеріңізге барып, ұлттық тағамдарыңыздың дәмін татқым келеді. Мәдениеттеріңізбен жете таныссам, біле түссем екен. Астананы көріп, Алматының тұмса табиғатымен танысу арманым.

Бұл азаматпен тілдесу үшін біз Куала-Лумпурда білім алып жүрген әріптесімізге өтініш айтқан едік. Тілдік білімін жетілдіріп жүрген ол Азизимен сұхбаттасып қайтты.

Керім Аянқызы, журналист:

-Азизидің Қазақстанға деген махаббаты өте ерекше. Елімізге келгісі келетінін айтты. Ақшам жоқ деп күлді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді» демей ме?! Кешегі Әміре, бүгінгі Димаштар барда қазақтың тілі мен ділі, мәдениеті мен өнері осылайша әлемді шарлай бермек.

Авторы: Құралай Жұмахан