Current Date: 20-03-2025

Елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді

Күзге салым Астанада өткен көшпенділер ойындары, оның алдында жорық аттары жарты Қазақстанды желіп өтті. Сөйтіп, төл спортымыз төрге озды. Тіпті бұқаға бұғалық салатын ковбойлар да мұхит асып келіп, осы ұлттық ойындарымызға белсене қатысты.

Бүгін – Ұлттық спорт түрлері ұлықталатын күн. Күш-жігер, ептілік пен мергендік мұның бәрі осы төл спортымыз арқылы дамиды. Мұның бәрі өмір салтын нығайтудың құралы. Былтыр Көшпенділер ойындарын көрдік, биыл елде қандай жарыстар өтеді?

Әлішер Әли, тілші:

- Ата-бабаларымыз жылқы малын ерекше құрметтеп, дүбірлі додаларға қосқан. Тіпті ат болар тайды үйірінде жүргенінен танып, бір үйір жылқыға да айырбастаған. Қоғам жаңарып, атағашында бір-бір жылқыдан тұратын қазақтың босағасында бір-бір темір тұлпардан бар. Десек те, ата-дәстүрді жалғастырып жүргендер де аз емес.

Солардың бірі – Астаналық Қанат Игісінов. Кәсіпкер елорданың қатал мінезіне қарамастан аламанға ат дайындап отыр.

Қанат Игісінов, кәсіпкер:

- Ат ұстап жатқанымызға көп болған жоқ. 2-3 жылдың айналасы болды. Бұрын енді Шұбартауда ұстағанбыз. Қазіргі таңда 3 аламан, 1 құнан ұстап отырмыз. Әр қазақтың қорасында бір-бір жылқы байланып тұру керек.

Қанаттың аттары бабында. Бапкері Ерлан Нығметтің айтуынша, бәйгеге жазға салым түседі. Алдымен той-томалаққа шабады, содан кейін ел біріншілігінде бақ сынайды.

Ерлан Нығмет, атбегі:

- Елде Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіретін 11 федерация бар. Оның жартысынан көбі ат үстіндегі ойындар. Былтырғы жылдың басты бәсекесі көшпенділер ойындары болды. Түркі халықтарының басы қосылған дүбірлі додадан кейін ұлттық спортымыз ілгеріледі. Биыл да елде бірнеше халықаралық жарыстар өтеді.

Нұркен Байбуриев, Ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы:

- Ат спорты түрлерін алатын болсақ, теңге ілу спортынан сәуір айында Азия кубогі өтеді Шымкентте. Маусым айында әлем чемпионаты жоспарланған. Аударыспақтан Азия чемпионаты жоспарланған. Көкпардан да халықаралық жарыстар бар. Бәйге спортынан да этаптық жарыстар жоспарланып отыр.

Иә, қазақтың ұлттық ойындары Олимпиада бағдарламасына енбесе де, төл өнерімізді ұлықтау мақсатында әр жылдары түрлі халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Биыл да елде халық ойындары, Ақбидай ауыл спорты ойындары, ауыл жастарының ойындары, ұлттық спорт түрлерінен фестиваль сынды дүбірлі додалар өтеді

Авторы: Әлишер Әли