Current Date: 20-03-2025

Бизнес нысандары көбейді

Павлодарлық кәсіпорындар былтыр бюджетке 672,8 млрд теңге пайда әкелген. Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта облыста 62 681 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Ертіс – Баян өңіріндегі шағын және орта кәсіпкерлік саны 2024 жылы 3,2%-ға өскен. Олардың негізгі бөлігі көтерме және бөл­шек саудада (24 262 бірлік), ауыл шаруашылығы, орман және ба­лық шаруашылығында (7 666), көлік және қоймалау (4 957), құрылыста (3 962) шоғырланған.

«Павлодар облысы бойын­ша Мемлекеттік кірістер депар­та­ментінің ақпаратына сәй­кес, 2024 жылы кәсіпкерлік субъек­тілерінен бюджетке 672,8 млрд теңге түскен. Кәсіпкерлік нысан­дарының көбеюіне өңірде жүзеге асып жатқан мемлекет­тік қолдау бағдарламалары­ның септігі мол. Біздің басқарма кәсіпкерлікті қолдаудың, оның ішінде пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялау (қарыз алушы ­үшін түпкілікті мөл­шерлеме 8-10%) және несиелерге кепілдік беру (кредит сомасының 50-85%-ы) бойын­ша қаржы құралдарының өңір­лік үйлестірушісі қызметін ат­қарады», дейді өңірлік Кәсіп­кер­лік және индустриялық-инно­вациялық даму басқармасы бас­шы­сының орынбасары Дархан Ермағамбетов.

Кәсіпкерлерді қолдау іс-шара­лары «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» арқылы, қаржылан­дыру екінші деңгейдегі банктер көмегімен жүзеге асы­рылған.

Өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік грант беру түрінде мемлекеттік қолдау да кең таралған. 5 млн тең­­геге дейінгі грантты алу үшін үміткерлер kezekte.kz сайты арқы­лы құжат жолдайды. Кон­курс­қа қатысушылардың дені – «Бір ауыл – бір өнім» бағ­дар­ла­ма­сының финалистері мен әлеу­меттік кәсіпкерлік субъек­тілері.

«Ауыл аманаты» жобасы шең­берінде де кәсіпкерлер үшін шағын несиелер беріліп келеді. Несиенің ең ұзақ мерзімі – ­5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін ­7 жылға дейін ұзартылған. Ең көп сомасы – 2 500 АЕК. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 8 000 АЕК-ке дейін рәсімдеуге болады. 400 АЕК-ке дейінгі гранттар және жастарға 2,5%-бен несие беруге қатысты бағдарламалар да өз кезегімен жүріп жатыр», деді басқарма өкілі.

Ертіс – Баян өңірінде ресей­лік компаниялармен бірлескен 860-тан астам кәсіпорын жұ­мыс істейді. Олар негізінен машина жасау, металлургия, химия, тамақ өнеркәсібі және сауда-саттық салаларында тіркелген («Railways Systems KZ», «Вектор Павлодар», «Rossdorcom KZ» және «Kazcenospheres»). Ресей­лік компаниялар өздерінің сау­да орталығы, филиалы мен өкіл­дік­терін Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында ашқан.

Павлодар облысы