Current Date: 20-03-2025

Қазақстан құрамасы Кюрасаомен жолдастық кездесуде жеңіске жетті

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Кюрасао командасымен өткен жолдастық кездесуде 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Екі тараптың келісімі бойынша ойын жабық форматта өтті. ФИФА рейтингінде 91-орында тұрған Кюрасао құрамасын әйгілі нидерландтық бапкер Дик Адвокат жаттықтырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кездесудің 15-минутында Максим Самородов алғашқы голды соғып, есепті ашты. Ал 36-минутта Асхат Тағыберген айып добын сәтті орындап, Қазақстан құрамасының басымдығын арттырды. Екінші таймда қос команда гол соға алмады.

Алдағы уақытта Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарын өткізеді. 22 наурызда команда сырт алаңда Уэльске қарсы ойнаса, 25 наурызда Лихтенштейн құрамасымен кездеседі.

Қазақстан құрамасы J тобында Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен бірге бақ сынайды. Іріктеу матчтары 2025 жылдың наурызында басталып, қараша айында аяқталады.