Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Елшілігінің көмегімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған Қазақстан азаматын Әзірбайжаннан экстрадициялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Аталған тұлға 2023 жылы Алматы қаласында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, сол үшін аса ірі көлемде пайда тапты деген күдікке ілінген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланды.
Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Баку қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.