Таяуда мәжіліс депутаттары бір Батыс Қазақстан облысының өзінде киік саны 2,3 миллионнан асып кетті деген болжамын айтқан.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына орай, Қазақстандағы киік полпуляциясына қатысты мәліметтерді жария етті. Премьер-министрдің есебінше, 2024 жылғы төлдеу маусымы қарсаңында еділ-орал популяциясының киіктерін есепке алу нәтижесі олардың саны 1,6 млн бас екенін көрсеткен. Ал 2024 жылдың мамырындағы төлдеуін ескергенде, популяция шамамен 2,3 млн басқа жетті деп есептеледі.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қазіргі таңда жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенцияға (CITES) сәйкес, киіктің халықаралық саудасы нөлдік квотамен шектеледі. Яғни, киікті және оның еті мен өзге де бөліктерін экспортқа шығаруға тыйым салынады.
"Шетелдік ірі фармацевтикалық компаниялар киік дериваттарын қайта өңдейтін кәсіпорындар ашуға дайын. Алайда, оған нөлдік квота кедергі. Соған орай, 2024 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан киік дериваттарының экспортына тыйым салатын квотаны жою туралы өтінім берді", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, киіктер арасында инфекциялардың таралу қаупінің алдын алу мақсатында ветеринариялық қызметтердің жұмысы күшейтіліп, жануарлардың өлексесін қауіпсіз жинау және жою үшін стационарлық инсинераторларды орнату мәселесі қаралып жатыр.
Олжас Бектенов қазіргі таңда киік санын азайту бойынша оларды табиғи ортадан алудан басқа балама шешім жоқ екенін де еске салды.
Оқи отырыңыз: Президент киік санының күрт артуына қатысты байыпты шешім қабылдауды тапсырды
Еске салайық, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып киіктермен байланысты эпизоотиялық ахуалдың күрделенуін реттеуді тапсырды.
"Жан-жақты шаралардың арқасында еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Бірақ, енді, басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.