Сотталушы Telegram желісі арқылы 2024 жылдың наурыз айында өзінің таныстарына радикалды діни идеялар мен зорлық-зомбылық әрекеттерге, оның ішінде «қарулы жиһадқа» шақыратын бейнематериалдар жіберген, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекеттік айыптаушы қатаң жаза қолдануды талап етіп, қылмыскерді сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сот сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы, кінәсін толық мойындау және өкіну сияқты бірқатар факторларды ескерді», деп хабарлады Кентау қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
«Айыпталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот сараптамасының нәтижелерімен және басқа да іс материалдарымен расталды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты», делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.