Current Date: 20-03-2025

Шығыс Қазақстанда жаңа жұмыс кестесі енгізілді

Шығыс Қазақстан облысында бүгіннен бастап барлық мемлекеттік мекемелер, бюджеттік ұйымдар, кәсіпорындар және әлеуметтік қызметтер жаңа жұмыс тәртібіне көшті.

Енді өңірдегі барлық қала мен аудан мекемелері жұмысын таңғы 08:00-де бастайды, ал жұмыс күні 17:30-да аяқталады. Түскі үзіліс уақыты 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл жаңашылдық күндізгі жарықты тиімді пайдалану және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында енгізілді.

2024 жылы Қазақстанда біртұтас UTC+5 уақыт белдеуіне көшу мәселесі кеңінен талқыланды. Әсіресе, бұл бастама Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында үлкен пікірталас тудырды. Өңір тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып, Үкімет әр аймақтың жұмыс кестесін жергілікті ерекшеліктерге қарай реттеуге мүмкіндік беру туралы шешім қабылдады.

Шығыс Қазақстан облысының түрлі аудандары кезең-кезеңімен жаңа жұмыс тәртібіне көшті:

Қаңтар: Қатонқарағай ауданы өзгерісті бірінші болып енгізді.

Ақпан: Марқакөл және Үлкен Нарын аудандары 24 ақпанда бастаманы қолдады.

Наурыз:

  • 5 наурыз – Зайсан, Күршім, Тарбағатай және Самар аудандары.
  • 12 наурыз – Алтай және Ұлан аудандары.
  • 13 наурыз – Глубокое және Шемонаиха аудандары.
  • 14 наурыз – Риддер қаласы.
  • 20 наурыз – Өскемен қаласы.

Жаңа кестені енгізу алдында барлық аудандар мен қалаларда қоғамдық кездесулер өткізіліп, тұрғындардың пікірі тыңдалды. Көпшілік жұмыс күнінің ерте басталуын оң қабылдаған.

Айта кетейік, мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелердің жұмыс кестесі өзгеріссіз қалды, себебі олар бұған дейін де осыған ұқсас тәртіппен жұмыс істеп келген.