Әнші Луина клипті әйелдер мерекесі қарсаңында түсірген
Белгілі әнші Марат Омаров «Анашым» әніне рұқсатсыз клип түсіргені үшін әріптесі Луинаны сотқа беретін болды. Бұл туралы Azattyq Rýhyагенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.
Композитор Марат Омаров әнші Луинаны сотқа бермек. Бұған Луинаның сазгер Марат Омаровтың танымал «Анашым» әнін рұқсатсыз орындауы себеп болған. Оған қоса, әнші әлеуметтік желіде туындының авторы ретінде Нұрлан Өнербаевты көрсетіпті. Cазгер бұған ашулы. Бүгінде мұхит асып, АҚШ-қа қоныс аударған Омаров дәл осы туындыға қатысты бір емес, бірнеше рет автор құқығының бұзылғанын айтады.
40 жыл өтсе де трендтен түспейтін «Анашым» әнінің кавер нұсқасы. Сазгер Марат Омаровтың шамына тиген бейнеролик. Әнші Луина мұны зергер бұйым шығаратын брендпен бірігіп, әйелдер мерекесі қарсаңында түсірген. Сөйтіп оны желіге жүктеп, астына Нұрлан Өнербаевтың әні деп белгілепті.
Кавер нұсқа Марат Омаровтың ашуына тиеді. Әнді рұқсатсыз орындап, әрі авторын дұрыс белгілемеу, тіпті оған бейнеролик түсіру үлкен жауапкершілік дейді, сазгер. Сондықтан қолмен істегенді мойынмен көтерген дұрыс деп отыр.
«Келісімшарт болу керек, біріншіден. Екіншіден, рұқсатсыз аранжировка жасаған. Үшінші, бейнетаспа жасаған. Онда да рұқсат сұрамаған. Төртіншісі, біле тұра, неге Нұрлан Өнербаевты жазып қояды, авторы ретінде. Ол жауап беру керек. Жазба түрінде шарт бар ма, соны көрсету керек. Ар жағын адвокаттар шешеді», — дейді Марат Омаров.
Композитор автордан жаңылу оқиғасы «бірінші рет емес» дейді. Бұған дейін «Анашымды» Нұрлан Өнербаевтың туындысы дегендер болыпты.
Ал Луина парақшасындағы жазбаны өзі емес, серіктес болған зергер компания жазды деп отыр.
«Бұл кавер цифрлық платформаларда жеке ән ретінде шығарылған жоқ және мен одан коммерциялық пайда көрген емеспін. Жарияланым – серіктес компаниямен бірлескен жоба. Мәтінін бастапқыда редакторлар жазды. Бірақ менің қателігім сол, оны жарияламас бұрын егжей-тегжей қарамағаным. Біз бірден түзету енгіздік», — дейді әнші Луина.
«Марат Омаровты сыйлаймын әрі өнерін бағалаймын» деген Луина жағдайды түсінуді сұрайды және композитормен ортақ тіл табысатынына сенімді.
Ал Омаров болары болып, бояуы сіңген соң бірдеме айтудың қажеті шамалы, дейді. Сондықтан Әлем композиторлары қауымдастығына мүше болған сазгер барлығын заң аясында шешпек.