Current Date: 20-03-2025

Мектептерде тағы 195 стоматологиялық кабинет ашылады

20 наурызда Дүниежүзілік стоматологиялық қауымдастықтың (FDI) бастамасымен өткізілетін Дүниежүзілік ауыз қуысының денсаулығы күні (World Oral Health Day) атап өтіледі.

Тісжегі және қызыл иектің патологиясы сияқты ауыз қуысының аурулары жиі кездеседі және жалпы денсаулыққа ауыр зардаптар әкелуі мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сондықтан ата-аналар қауымдастығын, қауіп тобындағы балалар мен жасөспірімдерді профилактика әдістері мен тұрақты стоматологиялық қарап-тексерулердің маңыздылығы туралы хабардар ету өте маңызды.

Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарындағы балалардың ауыз қуысын профилактикалық қарап-тексеру жыл сайын 2 жастан 17 жасқа дейін жүргізіледі.

Соңғы жылдары Қазақстанда ауыз қуысы ауруларының өсуі, оның ішінде тісжегі мен тіс жұлудың асқынған түрлерінің саны байқалды. Тексерілген 10 баланың 7-уіне тісжегі бар тістер диагнозы қойылады.

Осыған байланысты, өткен жылы Министрлік 2024-2028 жылдарға арналған "Болашаққа – сау тіспен" мектеп жасындағы балалардың стоматологиялық ауруларының профилактикасын жетілдіру жөніндегі жол картасын бекітті.

Білім беру ұйымдарында стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинеттерін ашу және одан әрі жұмыс істеу бойынша ҚР Білім министрлігімен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді.

Осы жоспардың шеңберінде республика бойынша 145 стоматологиялық кабинет жұмыс істейді, 2025 жылы тағы 195 стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинетін ашу жоспарлануда.

Ауыз қуысы мен тістің денсаулығын сақтау үшін қарапайым қағидаларды сақтау ұсынылады:

  • Үйде күніне екі рет щеткамен тазалау, сонымен қатар қосымша гигиеналық құралдарды қолдану (тіс жіптері, тісарасын шұқығыштар, шайғыштар, протездерге арналған щеткалары және т.б.).
  • Дұрыс тамақтануды ұстану. Негізгі талап — көмірсулардың жиілігін шектеу.
  • Тіс дәрігеріне жылына кемінде бір рет қаралу. Бұл профилактикалық шараларды уақтылы тағайындауды және жүргізуді, қажет болған жағдайда тістерді емдеуді қамтамасыз етеді.

Бүгінде еліміздің мектеп ұйымдарында стоматологиялық аурулардың профилактикасы бойынша фото және бейнематериалдарды, оқушыларға арналған ауыз қуысының гигиенасы сабақтарын, стоматолог дәрігерлерге, дантистерге және стоматологиялық гигиенистерге арналған ғылыми-практикалық конференцияларды пайдалана отырып, кең ауқымды санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілуде.