Осындай жолмен қалың жұрттан көмек сұрайтындар еліміздің көптеген қаласында Рамазан айында еселеп артқан.
Елімізде дымқыл майлықты қайырымдылыққа қаражат сұрау үшін пайдаланып жүргендер көбейді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Нақтырақ айтсақ, кей жандар көліктердің алдыңғы терезесіне науқастың еміне ақша аударуды өтінген хаты бар салфеткаларды қойып кетеді. Ал тұрғындар кейде көрсетілген есепшотқа ұялғаннан барымызды береміз десе, кейбірі бұл іске күмәнмен қарайды екен.
Қазір тұрақта қалдырған көлігіңіздің алдыңғы терезе сүрткішіне қыстырылған мынадай дымқыл майлық тауып алсаңыз таңғалмаңыз. Бұл жұрттан жылу жинаудың жаңа тәсілі. Демек, осы гигиеналық заттың сыртында бір жапырақ хат болады. Онда көбіне науқас туралы ақпарат пен еміне қаражат керек екені жазылады. Сонымен қатар көмек сұраушының банктегі есепшоты да көрсетіледі.
Осындай жолмен қалың жұрттан көмек сұрайтындар еліміздің көптеген қаласында Рамазан айында еселеп артқан. Мұны мешіт имамдары да естіген және көрген. Бірақ кез келген қайырлы іс көптің көңіліне күдік ұялатпауы керек дейді.
"Мұндай адамдарға сенудің өзі қиын. Біріншіден, шынымен мұқтаж болса арнайы қорлар бар. Қорлар тексереді шынымен ауру ма деген сияқты. Ал енді мұның арты өзінің артын жабу мақсатында болса, тілемшілік мағынасында болса бұл дұрыс емес. Өйткені пайғамбарымыз айтады, кімде-кім тілемшіліктің жолын ашатын болса, оған кедейшіліктің жолын ашып қояды дейді. Демек, ислам дінінде қайыр тілеуге рұқсат етілмеген", – деді Ақмешіт-Сырдария мешітінің имамы Айболат Төлебайұлы.
Сонымен қатар заңда да қайыршылықпен айналысқандарға жаза бар. Мәселен әкімшілік кодексте қоғамдық орындарда көпшілікке алақан жайғандарға 20 мың теңгеге жуық айыппұл көзделген. Ал бұл әрекеті қайталанса, айыппұл көлемі екі есеге көбейеді.