Атырау прокурорлары жыл басынан бері 200-ден астам жасөспірімнің құқығын қорғады.
Үйден оқитын 7 мүгедек балаға жәрдемақы төленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық беріліп отыр.
“Жыл басынан бері Атырау қаласының прокуратурасы 200-ден астам баланың құқықтарын қорғады. Жергілікті атқарушы органдар мен полицияның 24 қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Полиция қызметкерлері кәмелет жасына толмағандарға қатысты қорғаушының қатысуынсыз әкімшілік хаттамалар жасақтаған. Прокуратураның наразылығы негізінде 197 хаттаманың күші жойылды”, — деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Сондай-ақ прокуратураның қадағалауының нәтижесінде жетім және мүгедектігі бар балалардың конституциялық құқықтары қорғалған.
“Үйден оқитын мүгедек балаларға жәрдемақы төленбеген. Заңмен белгіленген нормаларға сәйкес жетім балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй кезегіне қоймағаны туралы деректер анықталып отыр. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде 3 жетім бала тұрғын үй алу кезегіне тұрғызылды. Үйден оқитын 7 мүгедектігі бар балаға жәрдемақы төленді”, -деп мәлімдеді облыстық прокуратурадан.