Current Date: 21-03-2025

Павлодарда зейнеткер тігіншіге шектеусіз мерзімге еңбек шарты ұсынылды

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Павлодардағы ең ірі фабрикалардың бірі зейнет жасына жеткен тігіншімен шектеусіз мерзімге еңбек шартын жасады. Бұл алдымен жұмысшы мамандықтар жылына орай қарапайым еңбек адамына деген құрметтің белгісі және осы саладағы кәсіби мамандар тапшылығынан туындаған қажеттілік дейді жұмыс беруші тарап. Бала кезінен ісмерлікті кәсіп қылған Айсұлу Омаровамен тілшіміз кездесті.

Зейнет жасына толып, апта соңында ұжымымен қоштасқалы отырған Айсұлу Омароваға фабрика басшылығы бүгін осындай ұсыныс жасады. Тігінші қабыл алды. Ол төрт баланың анасы. Соларды тігін машинкасы арқылы түскен табысыммен қанат қақтырдым дейді.

Айсұлу Омарова, тігінші:

Кішкентай күнімде анамнан үйрендім. Құрақ құрайтын анам. Сол құрақ құрап, көйлек тігіп сол анамнан үйренгенмін. Алматы жақта бір он бес жылдай істегенмін тігін фабрикасында. Одан осы жаққа көшіп келіп, осында істеп отырмыз, табысымыз жақсы.

Біздің кейіпкеріміз Алматыдағы мақта- қағаз фабрикасында жұмыс істеп өндірістік тәжірибе жинақтаған. Ал, Павлодардағы фабрика оданда күрделі. Бұл жерде кәдімгі полипропилен ұнтақтарынан жіп есіп, одан тұтас материал тоқиды. Дайын өнімнен өндіріске қажетті сыйымдылығы әр түрлі қап тігеді. Сондықтан тұрмыстық тігін машинкасы емес, арнайы жасалған кәсіби аспаптар қолданылады. Ал, онымен жұмыс істеу үшін Айсұлу Омарова қысқа мерзімдік курс өткізеді.

Айсұлу Мусина, ауысым басшысы:

Келген жас тігіншілерді біз сол кісіге жіберіп кішкене стажировка жасайды, өз білімін көрсетіп білгенін бізге көмектесіп жұмыс жасап жатыр.

Қос Айсұлу келгелі кәсіпорын жоспарды артығымен орындайтын болған. Басқа бригадаларға қарағанда өнім сапасы да көш ілгері. Сондықтан жылдың әр үш айында сыйақы алып отырады.

Айсұлу Омарова, тігінші:

Осы тігіншілікті үйренсе жас қыздар ол өздеріне пайдасы өте көп. Ол өзінің керекті нәрсесін, кішкентай қыздарына көйлегін де тіге алады. Көрпе, жастығын да, құрағын да өзі құрай алады. Тігін тігу өте қиын емес. Үйреніп алса оның пайдасы өте зор.

Фабрика жұмыскерлерінің 95 пайызы әйелдер. Айсұлу Омарова сияқты кәсіби мамандардың арқасында өңірді ғана қамтамасыз етіп қоймай республика нарығына тауар шығарып жатырмыз дейді кәсіпорын басшысы. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайтпақ. Бұлда қарапайым еңбеккерлердің арқасында еңсерілер шаруа. Сондықтан жұмысшы мамандықтар жылында фабрикадағы жұмысшылар саны еселене түспек.

Болат Аманбаев