Current Date: 21-03-2025

Елімізде 21 наурызда ауа райы күрт бұзылады - синоптиктер

Синоптиктер алдағы жұма, 2025 жылдың 21 наурызына арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазгидромет" РМК деректері бойынша жауын-шашынсыз ауа райы еліміздің оңтүстік-шығысында ғана күтіледі.

"Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа-райының тұрақсыз сипаты сақталады: жауын-шашын (жаңбыр мен қар) болады. Республика бойынша тұман, желдің күшеюі, солтүстік өңірде көктайғақ түрінде ортақ табиғи құбылыстар көрінісі күтіледі", деп болжанады.

Ал гидрологиялық болжамға келетін болсақ, алдағы тәулікте оңтүстіктің, оңтүстік-шығыстың таулы өзендерінде температуралық фонның жоғарылауына байланысты су деңгейінің ауытқуы байқалады.

"Шығыс өзендері мен жазықтарында жауын-шашын мен ауа температурасының жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі, қызыл судың қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі", — деп толықтырады "Қазгидромет" РМК.

2025 жылғы 21-23 наурыз аралығында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа-райы қандай болатыны туралы мына сілтеме бойынша біле аласыз.

Бұған дейін көктемде су тасқыны қауіпіне байланысты Қазақстанның қай облыстары қызыл аймаққа жатқызылғанын жазғанбыз.