Current Date: 21-03-2025

Абай университетінде Наурыз мерекесі тойланды

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті, деп жазады Egemen .kz.

Мерекелік іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, құрметті қонақтар, БАҚ өкілдері, Абай университетінің ардагер ұстаздары, профессорлық-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері және студенттер қатысты.

Шараның алғы сөзінде Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы — ректор Болат Тілеп: «Тәуелсіз ел болғандықтан өшкеніміз жанып, үзілгеніміз жалғасын тауып, жоғымыз түгенделіп жатыр. Ұлтымыздың рухани қазынасы саналатын асыл мұраларымызды жас ұрпаққа насихаттаудың да жарқын үлгісі – осы бірлігі жарасқан бейбіт елімізде көрініс тауып отыр. «Қараусыз қалған мазарды шөп басады, қынаптан суырмаған қылышты тот басады», деген аталы сөз бар. Олай болса, Наурыз сияқты салт-дәстүріміздің мәртебесін үстем ету – баршамыздың ортақ парызымыз деп білемін. Самарқанның көк тасы еріген көктемнің осы бір күнінде сіздерге дүниенің бар жақсылығын, ырысы мен ынтымағын тілеймін», деп университет ұжымын Наурыз мерекесімен құттықтады.

Мерекелік жиын барысында университет факультеттері қазақ халқының көнеден келе жатқан тұрмыс-салты мен дәстүрлерін көрсету бойынша өзара сайысқа түсіп, «Думанды Наурыз», «Берекелі дастарқан», «Көрікті ұлттық киім», «Өнерлі орта», «Дәстүр жаңғыруы», «Креативті Наурыз», «Ұлттық спорт ойыны», «Наурыздың қазақ үйі» номинациялары бойынша бақ сынады.

Сонымен қатар іс-шара аясында қолөнер шеберлері мен сурешілер зергерлік бұйым жасау, ұлттық нақыштағы көрме сынды дәстүрдің үздік үлгілерін ұсынды.

Сондай-ақ, айтыс ұйымдастырылып, жарапазан айтылды. Халық әндері шырқалып, қазақ биінің түрлі жанрлары орындалды, күмбірлеген күй шертіліп, төл өнер кеңінен дәріптелді. Ұлттық киімдегі өнерпаздар сахнаның ажарын ашып, халықтың эстетикалық талғамын айшықтады.

Кеш барысында белгілі әнші Құдайберген Бекіш жиналған қауымға әннен шашу шашты.

ЖОО

ЖОО