Су кодексі. Аталмыш заң жобасын қараған Сенат құжатты Мәжіліске қайтарды. Оның жекелеген баптары жаңа редакцияда ұсынылды. Жалпы заңның аясында бірқатар оң өзгеріс жасау көзделуде. Мәселен, су инспекторларының құзіреті артады. Тірішілік нәрін үнемдеуге ерекше басымдық берілген. Тіпті ірі кәсіпорындар суды қайта пайдаланауға тиіс.
Суды ұтымды пайдалану, ысырапты азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу. Жаңа кодекс аясында осы мәселелерге ерекше көңіл бөлінген. Гидротехникалық құрылыстарды басқару мен стратегиялық жоспарлау деген де ұғымдар бар. Тоқетері заң аясында және өзгеде құжаттар арқылы суды үнемдеудің барлық тетігін қолдану көзделуде. Мәселен, қазірдің өзінде 9 облыста ауызсуды жан басына есептеу іске қосылды. Бір адамға айлық меже — 3 текше метр су. Одан артық пайдалансаң, 50 пайыз, тіпті екі еселенген қымбат тарифпен төлейсің.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Қазіргі талдау айына сол облыстарда көрсетіп жатыр. Облыстарда 1,6 млн текше метрге дейін су үнемделді. Қосымша 800 мыңға дейін қаражат түсті. Ол өздерінің су жүйесін қалпына келтіруге мүмкіншілік алды.
Сондай-ақ диқандар үшін де белгілі меже бекітіледі. Ол қалай? Әр дақылдың қанша су тұтынатыны есептелеп бекітілмек. Содан асыра қолданғандар ақшасын әдеттегіден артық төлейді. Ірі өндірістерде суды үнемдеуге міндеттеледі. Мәселен, қазір біздегі зауыттар тұтынған судың 12 пайызын қайта пайдалануда. Алдағы 5 жылда олардың тіршілік нәрін қайта кәдеге жарату үлесі 40 пайызға жетуі тиіс.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныстар айтты. Сол арқылы суды пайдалану талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау, осы саладағы рұқсат беру ережелері және кейбір мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды. Алдағы уақытта жаңа Кодекс су ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізуге мүмкіндік береді деп сенеміз.
Сенат депутаттары Су Кодексі мен ілеспе құжаттарды екі оқылымда талқылаған соң жекелеген баптарды жаңа редакцияда ұсынып, Мәжіліске қайтарды. Осылайша су ресурстары саласындағы заңнамалық база түбегейлі жетілдірілуде.
Айта кетейік, құжатта иесіз қалған құдықтарды түгендеу, арықтарды жаңарту, су тасқыны мен құрғақшылықтың алдын алу сынды климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі нормалар да бар.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин