Орталықтың жалпы ауданы – 8,5 мың шаршы метр, нысан бір уақытта мың адамды қабылдай алады.
Ақмола облысы, Қосшы қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен көпфункциялы комьюнити-орталық ашылды. Орталықта креативті хаб жұмыс істейтін болады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталықтың ашылу рәсіміне премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Марат Ахметжанов және мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысты.
Орталық – халықаралық стандарттарға сай салынған ірі мәдени-спорттық кешен. Мұнда спорттық, білім беру және бос уақыт өткізуге арналған алаңдар бар. Қонақтар үшін 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған дәріс залы, көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг және оқу залы бар кітапхана қызмет етеді.
Балалар үшін робототехника мен шахматтан бастап, хореография, қолданбалы өнерге дейінгі түрлі үйірмелер жұмыс істейді.
Қосшыдағы креативті хаб – Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған еліміздегі 13-ші орталық.