Current Date: 21-03-2025

Ақтөбе облысында учаскелік полицей су ортасында қалып кеткен үй жануарларын құтқарды

17 наурызда еріген қар суының салдарынан Ақтөбе облысында Бала Қобда өзені арнасынан асып, Бұлақ ауылының жылқылары судың ортасындағы қалып қойған. Судың ағысынан жылқыларға қауіп төнген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ауыл тұрғындарының WhatsApp желісіндегі чат арқылы көмек сұрап жатқанын көрген осы ауылдың учаскелік полиция инспекторы Бексұлтан Қылышбаев мал иесіне дереу хабарласып, өз көмегін ұсынған.

18 наурызда Бексұлтан өзінің резеңке қайығын алып шығып, мал иесімен бірге жануарларды құтқаруға барған. Оқиға орнына жеткен олар су ортасында қалған жылқылардың арасы алшақтап кеткенін көрген.

Төрт сағатқа созылған құтқару операциясының нәтижесінде жылқылар судан шығарылып, иесіне тапсырылды.

Бұған дейін Қанат Бозымбаевтың су басу қаупі жоғары Ақтөбе облысында жүргенін жазғанбыз.