Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" Ұлттық киностудиясының айналасында дау тоқтар емес.
Дәстүрлі әнші әрі актёр Ерлан Төлеутай Қазақ анимация кәсіподағының басшысы ресейлік азамат екенін айтты.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Ресей ұлтшылы Александр Дугиннің сақалтай шәкірті бұл поп 03.03.2025 күнгі «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының уақытша басшысы Айдар Омаров ұйымдастырған ZOOM жиынында алғаш рет бой көрсетіп, өзін Қазақ анимация профсоюзының бастығымын деп жариялады. Қайдан кеп қалғанын білмейміз, көрмеген, білмеген адамымыз.
Сол күні Айдар Омаров басқару пультінде отырған Зум эфиріне кенет шыға келіп, әй-шәй жоқ өзін анимация профсоюзының бастығымын деп таныстырған танымайтын сақалтайды алғаш көргенде мына сайтанның сапалағы қайдан кеп қалды деп аңырып қалғанымыз рас.
Сөйтсек бұл ZOOM жиылысты Айдар Омаров осындай шовинистік күштерді «Қазақанимация» ұжымына қасақана айдап салу үшін әдейі ұйымдастырған болып шықты. А.Омаровтың бар мақсаты «Қазақанимация» ұжымын осындай беймәлім күштерге айдап салып, арандату арқылы ұлтаралық жанжал тудыру сияқты. Әйтпесе мынау есі дұрыс адамның істейтін ісі емес қой.
Ал енді бұл поптың өзін анимация профсоюзының бастығымын деген жер жарған мәлімдемесіне келейік. Мәселе былай болған деседі. 2024 жылы ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Шаталов әлдебір жасырын күштердің ықпалымен Ұлттық киноны қолдау жөніндегі Мемлекеттік орталықтың эксперттік кеңесінің мүшесі боп шыға келеді. Бұл ұзақ әңгіме, қысқаша айтқанда ол осы жерде эксперттік кеңестің тағы бір мүшесі Иван Ардашовпен ымыраласып «Қазақанимацияны» «Қазақфильмнен» алып қою арқылы өз ықпалдарын жүргізудің әбжіл жобасын жасай бастайды. Бұл іске тағы бір эксперттік кеңестің мүшесі, Қырғызстан азаматы Алмас Қособаев деген қосылады. Айтпақшы бұл Қособаев деген сабаз бізге 2020-шы жылдан бері «Қазақанимацияға» қарсы күштердің қақ басында қол бастап жүрген шетел азаматы ретінде мәлім қу», — деп жазды Ерлан Төлеутай.
«Ұжымды қатты қорлатып һәм сорлатқан Ақан Сатаев болатын»
Дәстүрлі әнші бұл іске белгілі режиссёр Ақан Сатаевтың да қатысы барын айтты.
«Осы Қособаевты «Қазақфильмге» әкеліп, «Қазақанимацияны» қолына ұстатып қойып «еті сенікі, сүйегі менікі» деп ұжымды қатты қорлатып һәм сорлатқан Ақан Сатаев болатын. Ақан Сатаев басшылықтан кеткен соң мұны сол кездегі Ұлттық киноны қолдау жөніндегі Мемлекеттік орталықтың басшысы Есет Қосубаев өзіне шақырып алып лезде қанатының астына ала қойды. Сөйтіп Есетжан Қосубаев «Қазақанимацияға» өлердей қарсы, бейнелеп айтқанда – Кенесарыны опасыздықпен өлтірген Орман манап сықылды қаныпезер жау тауып беріп жөніне кетті. Содан бері А.Қосабаев эксперттік кеңестің тұрақты мүшесі болумен келеді. Ереже бойынша эксперттік кеңестің мүшесі бір жылдан артық мерзімге тағайындала алмайтын еді. Ал мынау Қособаев болса, бөтен елдің азаматы бола тұра, бірнеше жыл қатарынан эксперттік кеңестің мүшесі болып алып тапжылмай әлі отыр және өздерінің диверсиялық әрекеттерін ешкімнен айыл жимастан ашық жүргізе бастады. Қособаевқа сөйтіп Ардашов қосылды дедік. Осы екеуі құрған топтың артында Кремльдің тапсырмасын орындаушы Шаталовтың тұрғандығы өткен жолы ол депутат өз мәлімдемесін ашық жасағанда әмбеге аян болды. Мүшелері жүздеген адамға жеткен бұл астыртын топтың Алматы қаласындағы лидері «Қазақфильмнің» уақытша басшысы Айдар Омаров болса, ал Астанадағы басшысы ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Шаталов екенін тағы бір естеріңізге саламыз.
«Жау қайда деме, жар астында!» деген осы ағайын! Мінеки, Ұлттық кино мен анимациялық киномыздың қара шаңырағын – қалың қазақтың көз алдында, оның Үкіметі мен Сенаты һәм Парламентінің, Прокуратурасы мен Сотының, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің алдында тіпті оның Президентінің тап алдында көздерін бақырайтып қойып талқанын шығарып жатыр. Ал қазақтың ары өлген намыссыз шенеуніктері осы сұмдыққа көзін жұмып қарап отыр. Не деген қорлық десеңші, қазағым! Әлде Сіздер қорланбайсыздар ма?!», — деп жазды Ерлан Төлеутай.