Current Date: 21-03-2025

Қазақстан ТМД бойынша бір рейтингте көш бастады

Аталған зерттеу еңбегіне 140-тан аса мемлекет қатысқан.

Еліміз жыл сайын жүргізілетін Дүниежүзілік бақыт баяндамасы (World Happiness Report) деректерінде 43-орынға ие болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл көрсеткіш арқылы Қазақстан ТМД елдерінде Өзбекстаннан – 10, Ресейден – 13, Қырғызстаннан – 32 сатыға алда тұр.

Осылайша, еліміз ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында ең бақытты ел ретінде саналып, рейтингте үздік шыққан.

Былтыр Қазақстан бұл тізімде 49-орынға жайғасқан еді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік бақыт баяндамасы – 140-тан астам елдің деректері негізінде жасалатын және жыл сайын Gallup, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Оксфорд университеті жариялайтын рейтинг.

– Бақыт деңгейі объективті деректерді жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір сүру ұзақтығы, еркіндік, жомарттық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты назарға ала отырып, әлемдік Gallup сауалнамасы негізінде ел тұрғындарының субъективті бағалауын ескеретін бірнеше критерий бойынша анықталады. Мұнда респонденттер өз өміріне көңілі толу деңгейін 0-ден 10-ға дейінгі көрсеткіш негізінде бағалайды, – делінген құжатта.

Еске салайық, жақында ғана Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына алты жыл толуына орай жарияланған Премьер-министр Олжас Бектеновтің мақаласында да осы жайт жазылған болатын. Яғни, 2019 жылдан бері ел халқының өмір сүру ұзақтығы 73-тен 75 жасқа дейін артқан. Жалпы, өлім-жітім 7,8%-ға, аналар өлімі 26,3%-ға және бала өлімі 15,8%-ға төмендеп отыр.