Current Date: 21-03-2025

Алматыда Наурыз мейрамы кеңінен атап өтілді

Ең басты ерекшелік мерекеде дәстүр мен жаңашылықтың үйлесім табуы болды. Ашық аспан астындағы концерттер мен спорттық ойындардан бөлек, инновациялық бағыттағы мерекелік шаралар қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше көңіл күй сыйлады. Жалпы Алматыда Наурызнама аясында 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Қыстың қыспағынан мүлгіген табиғатқа жан бітіріп, жаңа өмір лебін әкеліп, айналаны құлпыртатын әз-Наурыз мейрамы Алматыда әдеттегідей ерекше сән-салтанатпен өтті. Мереке «Алматы Наурыз құшағында» концертімен басталды.

Сахнада әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов сияқты танымал өнер иелерімен қатар, жас әншілер де ән шырқады.

Әлима Сағиқызы, қала тұрғыны:

- Мен бірнеше мәрте Европада болып, Наурыз тойын мейрамдағанын көріп жүрмін. Мен өте қуаныштымын, бақыттымын. Елім, жерім бақытты болсын. Жастар аман болсын. Қазақ елі жасасын, жалпы адамзат жасасын. Адамзаттың Шығыс тойы құтты болсын.

Серікжан Исағұлов, қала тұрғыны:

-Наурыз бұл – ынтымақ мерекесі. Сондықтан бірлігіміз дами берсін. Әрқашан осындай бірліктің арқасында, наурыздың арқасында ынтымағымыздың арқасында өркендеп өсе берейік.

Панфилов жаяу жүргіншілер көшесі заманауи технология мен мәдени кеңістікке айналған. Нағыз дәстүр мен жаңаның үйлесімі дерсіз. Кинетикалық туннельдегі ұлттық ою-өрнектер қонақтардың қимылына сай қозғалады. Ал мына мультимедиялық құрылғы арқылы өзіңізді ұлттық киімде көре аласыз. Гастрономиялық аймақтағы робот даяшылар, аспаздар мен баристалардың қызметі қонақтарды таңғалдырды.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

-Наурыздың сәнін келтіретін ұлттық тағамдар. Ал оны инновацияны қолдану арқылы дайындауды көргеніңіз бар ма? Алматыда қала тұрғындары мен қонақтары үшін роботтар бауырсақ пісіріп, кофе дайындады.

Ал Абай алаңында мәдени мұра мен заманауи технологияны біріктіретін NauryzFest фестивалі ұйымдастырылды. Ерекше безендірілген «Рухани мұра» киіз үйінде Абай, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылған. Ал «Алматыға саяхат» киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алды.

Наталья Павлова, қала тұрғыны:

-Қаладағы мерекелік шараны тамашалау отбасымызда қалыптасқан дәстүр. Ұлттық нақышта киініп келдік. Мереке керемет көңіл күй сыйлады. Достық пен ынтымақ жасасын. Әртүрлі ұлт өкілі болсақ та, осы мерекені бірге тойлап жатқанымызға қуаныштымыз.

Бүгін кешке Астана алаңында танымал әншілердің қатысуымен Juldyzdy Almaty фестивалі өтеді. Ал ертең Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай 5 мың адам Абай әндерін орындайды. Оған хор капелласының артистері, музыкалық оқу орындарының студенттері және қала тұрғындары қатысады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Радик Жакупов