Current Date: 22-03-2025

Өскеменде қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшті

Өскеменде қоғамдық көлікте жолақы төлеудің жаңа электрондық жүйесі – «ONAY!» қызмет көрсету орталығының жұмысы басталды. Ашылу рәсіміне ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысының айтуынша, жүйенің басты артықшылығы – пайдалану ыңғайлылығы мен әртүрлі төлем әдістерінің болуы. Жол ақысын байланыссыз тәсілмен немесе мобильді теңгерім арқылы төлеуге болады. Жеке картаны алу міндетті емес – оны мобильді қосымшада рәсімдеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, «ONAY!» картасы мен мобильді қосымшасы Қазақстанның басқа да жүйе енгізілген аймақтарындағы қалаларында қолданылады. Бұл жиі сапарға шығатын жолаушылар үшін өте ыңғайлы.

Бұдан өзге облыс әкімі қоғамдық көлікті жаңғырту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Алдағы уақытта экологиялық стандарттарды ескере отырып, автобус паркін жаңарту жоспарланған. «ONAY!» жүйесін енгізу – жолаушылар тасымалы саласындағы ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды қадамы.

Әкімдіктегілер қоғамдық көлік төлемдерін төлеуде белгілі бір санаттағы азаматтар үшін жеңілдік шарттары сақталатынын атап өтті. Жеке картаны келесі санаттағы азаматтар ала алады:

70 жастан асқан зейнеткерлер;

Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар (7-18 жас);

Өскемен қаласының құрметті азаматтары;

ҰОС және жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері, ҰОС қатысушыларының жесірлері;

I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;

Мемлекеттік наградалармен марапатталған көп балалы аналар.

Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін «ONAY!» көлік карталары қаланың түрлі нүктелерінде, соның ішінде сауда орталықтары мен вокзалда сатылады. Картаның бағасы – 800 теңге.

Қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін құжаттар жиналады, қызмет көрсету орталығын жабдықтау және қоғамдық көлікке қажетті құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Барлық жаңашылдықтар қалалықтардың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып енгізіледі.