Current Date: 22-03-2025

Шаттыққа бөленген шаһар

Кеше Алматы нағыз көктем мерекесінің орталығына айналды десе болғандай. Көктемнің шуағына оранған қала Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен тойлады. Мерекелік алаңдар мегаполистің түкпір-түкпірінде қылаң ұрып жатты. Қаланы шаттық құшағына бөлегендей. Дәстүр бойынша басты концерт Астана алаңында өтті. Таңсәріден бері мұнда мерекелік көңіл күй орнап, ынтымақ пен бірліктің көрінісі атой салды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев салтанатты іс-шарада жаңару, татулық пен берекенің бас­тауы – Наурыз мейрамының маңызын атап өтті. Халқымыздың дәстүрлі қазынасы – салт-дәстүрінің сан ғасырлар бойы жасасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын атап өтті. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, көктем мерекесіне орай құттықтауларын арнады.

«Алматы – Наурыз құшағында» кон­церті мерекелік іс-шараның сәнін аша түсті. «Дос-Мұқасан» ансамблі, «Сазген сазы» фольклорлық-этно­графиялық ансамблі, Майра Мұ­хамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, тағы да басқа танымал әншілер өнер көрсетті.

ап

Республика сарайының алдында ерекше безендірілген киіз үйлер тігілді. «Рухани мұра» киіз үйінде Абай, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылып, концерт өтті. «Алматыға саяхат» киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алды. Сондай-ақ шебер Марат Бексұлтановтың қолынан шыққан небәрі 20 минут ішінде құрастыруға болатын «Инновациялық киіз үй» орнатылды.

Абай алаңында алтыбақан орнатылып, ұлттық ойындар мен түрлі жарыстар қызды. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған арт-нысандар да бой көтерді. 21-22 наурыз күндері кешкі уақытта алаңда белгілі әншілер концерт қойды.

Фестиваль аясында бірнеше күн бойы ауқымды қолөнер жәрмеңкесі жұмыс істейді. Қонақтар ағаш ою, зергерлік бұйым жасау, былғары өңдеу және киіз басу өнерін тамашалай алады. Киіз үйлерде шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, қонақтар тоқыма тоқу, ұлттық ою-өрнекпен әшекей бұйым дайындау және қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын жасау өнерін үйрене алады.

Оңтүстік астана бұл күндері мереке құшағында. Қала қонақтары әуежайдан мерекенің салтанатын сезініп, құрметке бөленіп жатса, мәдени орталықтар, жолаушы тасымалы бекеттерінде түрлі көрмелер өтіп, сауда орындарында қызылды-жасылды жәрмеңке қызып жатыр.

Қалада мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Күн сайын қонақтар мен тұрғындары «Juldyzdy Almaty» фестивалі аясында концерттерді, театр қойылымдарын, ұлттық ойындарды, түрлі перформанстар мен қолөнер жәрмеңкелерін тамашалай алады.

АЛМАТЫ