Мигранттар қай уақытқа дейін АҚШ-тан шығуы керек ?
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Куба, Гаити, Никарагуа және Венесуэладан келген жарты миллионнан астам мигрантты уақытша құқықтық мәртебесінен айыратындарын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты ВВС-ге сілтеме жасап.
АҚШ-та заңды негізі жоқ мигранттарға 24 сәуірге дейін елден кету қажеттігі ескертілді, себебі сол күннен бастап олардың жұмыс істеуге рұқсаттары мен депортациядан қорғану мәртебелері жойылады.
2022 жылы президент Джо Байденнің әкімшілігі CHNV бағдарламасын іске қосып, америкалық демеушілері бар мигранттарға және олардың жақын туыстарына АҚШ-қа келіп, екі жылға дейін уақытша иммиграциялық мәртебемен қалуға рұқсат берді. Әкімшілік бұл бастама АҚШ-тың оңтүстігіндегі шекараны заңсыз кесіп өтуді азайтады деп мәлімдеген.
Осы бағдарлама аясында АҚШ-қа 530 мың мигрант келді. Олардың қаншасы елде заңды түрде қалуға мүмкіндік беретін басқа құқықтық мәртебе алғаны белгісіз.
Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскен бойда бағдарламаны тоқтатты.
Жұма күні АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі алдыңғы әкімшілікті мигранттарға жұмыс орындары үшін бәсекелестік жасауға мүмкіндік беріп, америкалық жұмысшылардың мүддесін шектеді деп айыптады.
АҚШ-тың Федералдық тізілімінде жарияланған хабарламада CHNV бағдарламасымен елде жүрген кейбір мигранттарға жеке жағдайларға байланысты елде қалуға рұқсат берілуі мүмкін екені айтылған.