Current Date: 24-03-2025

Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулдығы Түркиядағы жағдайға байланысты отандастарға үндеу жасады

Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлы қамауға алынғаннан кейін елде наразылық акциялары басталды .

Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулдығы Түркиядағы жағдайға байланысты отандастарға үндеу жасады. Үндеу бас консулдықтың Instagram желісінде жазылған.

"Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары! Қалыптасқан жағдайға байланысты халық көп жиналатын орындарға бармауға, шерулер мен митингілерге қатысудан бас тартуға, күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауға, қырағылық пен сақтыққа, жаңалықтарды қадағалап, биліктің нұсқаулықтарын орындауға және Қазақстан Республикасының Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста болуға шақырамыз", – делінген үндеуде.

Бас консулдық әлеуметтік желілерде демонстрациялар (митингтер) туралы ақпаратты және наразылық акцияларына қатысты жеке бағалар мен пікірлерді таратудан бас тартуға шақырды.

Қазақстанның Түркиядағы шетелдік өкілдіктерінің жедел желі телефондары:

  • Қазақстан Республикасының Анкарадағы Елшілігі: +905352734496
  • Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулдығы: +905012621465
  • Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығы: +905394400522
  • Қазақстан Республикасының Измирдегі Бас консулдығы: +905530998789