Бүгін еліміздің барлық аймағында жалпыұлттық Наурызнама онкүндігін түйіндеген «Тазару күні» аясында абаттандыру және тазалық жүргізу жұмыстары қолға алынып, ауқымды іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған бастамаға «AMANAT» партиясының мүшелері белсенді қолдау көрсетіп, қалалар мен ауылдарда экологиялық акциялар ұйымдастырды.
Былтырдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өткізілуде. Оған ел азаматтары, әсіресе жастар қауымы белсенді атсалысуда. Президент бұл қадам қоғамда жаңа экологиялық мәдениет пен жаңа өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететінін бірнеше рет атап өтті.
Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына үн қосып, бүгін «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухының» белсенділері қоғамдық орындарды, гүлзарларды, көшелер мен аулаларды тазалау мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырды.
Атап айтқанда, Орал қаласындағы Д. Нұрпейісова мен М. Лермонтов көшелерінің қиылысында орналасқан Орталық базар аумағында «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтёрлері және қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын тұрғындар айналаны күл-қоқыстан тазартты. Үш сағатта олар 40 қапқа жуық қоқыс жинады.
«Наурыз – бұл тек той-думан ғана емес, мағынасы тереңде жатқан мейрам. Осынау қастерлі күн адамзат баласын тазалыққа, ұқыптылыққа, табиғатқа құрметпен қарауға үндейді. Тазару күні – қоршаған ортаны тазалап қана қоймай, ниет пен ойды таза ұстауға бастайтын айрықша күн», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының жергілікті филиал төрағасы Архат Исламғали.
Ал Шымкентте «Жастар Рухы» жастар қанатының 50-ге жуық белсендісі Абай саябағында Ұлы Отан соғысының батырларына арналған «Даңқ мемориалы» ескерткішінің аумағында жалпы тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұл – майдан мен тыл бірлігінің символы саналатын «Даңқ мемориалы», мәңгілік алау және Батырлар шеңбері. Айта кетейік, Батырлар шеңбері – «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болған 51 жауынгердің, аймақтың тумаларының және Даңқ орденінің сегіз толық кавалерінің есімдері бар тұтас кешен. Сондай-ақ, осында Даңқ аллеясы орналасқан. Оның екі жағында 200 метрлік тақталар бар. Онда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 140 000 мыңнан астам тумасы – Ұлы Отан соғысы сарбаздарының есімі қашап жазылған.
Даңқ мемориалын» ретке келтіре отырып, біз ашық аспан мен бейбітшілік жолында өз өмірін қиған батырларға құрметімізді білдіреміз. Өскелең ұрпақ өз қаһармандарымызды білуі және мақтан тұтуы керек. Ескерткіштің тазалығы – Отан қорғаған батыр бабаларымыздың ерлігіне деген құрметіміздің белгісі, – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бекзат Төлебай.
Көкшетауда партияластар қаланың орталық алаңдарының бірінде тазалық жұмысын ұйымдастырды. Белсенділер күл-қоқысты, қураған жапырақтарды жинап, топырақты қопсытты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоршаған ортаға құрметпен, жауапкершілікпен қарау салтын қалыптастыруға көмектеседі.
Жетісу облысындағы партия мүшелері де игі істен шет қалмады. Талдықорған қаласында 1000-нан астам адам ағаш әктеу, арықтарды тазалау, құстарға арналған үйшіктер орнату жұмыстарына және тағы басқа игі істерге жұмылды. Осылайша, бас-аяғы 5 саябақ пен 40 алаңда тазалық жұмысы жүргізілді.
Айта кетейік, осыған ұқсас іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өткізілді.
Еске сала кетейік, былтыр 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсендісі мен мүшесі апта сайын бейсенбі күндері «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен алаңдарды, ескерткіштер мен су айдындарын қоқыстан тазартады. Бүгінде ел аумағында 120 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 70 мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар, белсенділер 100-ден астам өзенді, көлдер мен су айдындарын тазартты. Жұмыс тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында ластанған аумақтардың карталары әзірленді. Әрбір учаскеге мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері мен басшылары бекітілді. Олар бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықтың сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешеді.