Канада премьер-министрі Марк Карни елде 28 сәуірде мерзімінен бұрын сайлау өткізілетінін жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол бұл шешімді АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғысы мен аннексиялық қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін «Канада азаматтарынан күшті, оң мандат алу» қажеттілігімен түсіндірді.
Канаданың кезекті сайлауы 20 қазанға жоспарланған болатын, бірақ премьер-министрдің ертерек сайлау жариялауға құқығы бар. Карнидің бұл шешімі Либералдық партияның соңғы сауалнамалардағы қолдау деңгейінің өсуімен байланысты. Қаңтар айында Трамптың Канадаға қатысты қоқан-лоққылары мен бұрынғы премьер-министр Джастин Трюдоның отставкасынан кейін, либералдардың рейтингі айтарлықтай көтерілді.
Соңғы сауалнамаларға сәйкес, Либералдық партия 37,5% қолдауға ие болып, Парламенттің Төменгі палатасында көпшілік орын алу мүмкіндігіне ие. Ал Консервативтік партия 37,1% қолдауға ие. Сайлауалды науқанында Трамптың Канадаға қатысты тарифтері мен аннексиялық қауіптері негізгі тақырыптардың бірі болады деп күтілуде.
Карнидің айтуынша, Канада қазіргі уақытта «өміріміздегі ең маңызды дағдарыстардың бірімен» бетпе-бет келуде. Ол Трамптың әрекеттерін «Канаданы әлсіретіп, Американың бір бөлігі етуге ұмтылу» деп сипаттап, «бұған жол бермейміз» деп мәлімдеді.