Семейліктердің Қазақстан Кубогын жеңіп алуы жай ғана трофей емес, бұл ұлттық футзалдағы көшбасшылыққа талас.
"Семей" футзал клубы Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды. Финалдық матчта Шығыс Қазақстандық команда алматылық "Қайратты" 5:1 есебімен ойсырата түрде жеңді. Осылайша ұзақ жылдар бойы Қазақстан футзалында көшбасшы болған алматылық клуб жаңа қарсыластың күшін мойындауға мәжбүр болды.
Матчтың алғашқы минуттарында Кайо Торрес есеп ашып, ойынның көркін қыздыра түсті. Артынша Дедезиньо тамаша гол соғып, трибунадағы жанкүйерлерді ерекше әсерге бөледі. Екінші таймда Кайо Торрес дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. Одан кейін Кандидо таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізіп, жеңімпаздың кім болатынын айқындай түсті.
"Қайрат" Денердің күшімен бір гол соғып, есепті қысқартты. Алайда бұл тек жалғыз жұбаныш голы болды. Ойынның соңында Дәрібай бесінші голды соғып, матчтың нүктесін қойды.
Осылайша Кайо Торрес финалдың басты қаһарманына айналып, екі гол және екі нәтижелі пас берді. Дедезиньо – турнирдегі ең әдемі голдардың бірін соғып, шеберлігін дәлелдеді.
Семейліктердің Қазақстан Кубогын жеңіп алуы жай ғана трофей емес, бұл ұлттық футзалдағы көшбасшылыққа талас. "Семей" өз ойынымен жоғары командалық рухты, тактиканың жоғары деңгейде екенін және ойыншылардың жеке шеберлігін паш етті.
Енді басты сұрақ – олар чемпионатта да осы қарқынмен ойнай ала ма және "Қайратқа" қарсы чемпиондық күрес жүргізе ала ма? Бірақ бір нәрсе анық — Қазақстан футзалында жаңа көшбасшы пайда болды!