Current Date: 26-03-2025

Ақтауда толассыз жауған жаңбырдан көшелерді су басты

ТЖД жағдай бақылауда екенін хабарлады .

Ақтау қаласында толассыз жаңбыр жауып, көшелерді су басты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, кейбір тұрғындар ауланы су басқанын, үйлеріне су кіріп кеткенін айтып жатыр.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда көше бойында жиналған судың деңгейі жоғарылап, көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатқаны байқалады.

Қалалық әкімдік аталған жайтқа түсінік берді.

"Ақтау көшелерінен 350 текше метр жаңбыр суы алынды. Коммуналдық сала қызметкерлері автомобиль жолдарында жиналған жаңбыр суын сорып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған жұмыстар қала аумағында тәулік бойы жалғасады", — делінген хабарламада.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, қатты жауын-шашын мен жер асты суларының көтерілуі салдарынан Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында кейбір көшелер мен аулаларда су жиналу фактілері тіркелді.

"ТЖД-ның 4 техникасы, 6 мотопомпа, 24 қызметкері, жергілікті атқарушы органның 11 техникасы, 14 мотопомпа, 27 қызметкер жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен мал шығыны жоқ. Елді мекендер мен өндірістік нысандарға қауіп төнбейді. Жағдай бақылауда", — деп хабарлады ТЖД.