Current Date: 26-03-2025

Канадада кезектен тыс парламенттік сайлау өтеді

Канада премьер-министрі Марк Карни 28 сәуірде мерзімінен бұрын сайлау өтетінін жариялады.

Ол бұл шешімді АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғысы мен аннексиялық қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін "Канада азаматтарынан күшті, оң мандат алу" қажеттілігімен түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Канаданың кезекті сайлауы 20 қазанға жоспарланған болатын, бірақ премьер-министрдің ертерек сайлау жариялауға құқығы бар. Карнидің бұл шешімі Либералдық партияның соңғы сауалнамалардағы қолдау деңгейінің өсуімен байланысты. Қаңтар айында Трамптың Канадаға қатысты қоқан-лоққылары мен бұрынғы премьер-министр Джастин Трюдоның отставкасынан кейін, либералдардың рейтингі айтарлықтай көтерілді.

Соңғы сауалнамаларға сәйкес, Либералдық партия 37,5% қолдауға ие болып, Парламенттің Төменгі палатасында көпшілік орын алу мүмкіндігіне ие. Ал Консервативтік партия 37,1% қолдауға ие. Сайлауалды науқанында Трамптың Канадаға қатысты тарифтері мен аннексиялық қауіптері негізгі тақырыптардың бірі болады деп күтілуде. ​

Карнидің айтуынша, Канада қазіргі уақытта "өміріміздегі ең маңызды дағдарыстардың бірімен" бетпе-бет келуде. Ол Трамптың әрекеттерін "Канаданы әлсіретіп, Американың бір бөлігі етуге ұмтылу" деп сипаттап, "бұған жол бермейміз" деп мәлімдеді.