Current Date: 26-03-2025

Түркиядағы шеру: 1100 ереуілші тұтқындалды. LIVE

Түркияда Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлұның ұсталуынан кейін басталған наразылық шерулерінде 1100-ден астам ереуілші тұтқындалып, 123 полицей зардап шекті.

Бұл туралы елдің ішкі істер министрі мәлім етті. Оның айтуынша, ұсталғандардан тас, таяқ, отшашу, молотов коктейлі, балта, пышақ секілді қару түрлері тәркіленген. Бауырлас елде осымен алтыншы күн жалғасқан толқудың басылатын түрі бар ма?

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Ыстамбұлдың қамауға алынған мэрі, оппозициялық «Республикалық халық партиясының» мүшесі Экрем Имамоғлұн қолдауға арналған шерулер өткен аптадан бері толастаған жоқ. Әсіресе, Ыстамбұл, Анкара мен Измирде халық қоғамдық жиындарға тыйым салынғанына қарамастан қала орталығына кешкі сағат 20.30-да жиналып жатыр.

Наразылықтың негізгі орталығы – Ыстамбұлдағы Сарачханадегі мэриясы. Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлұ төрт күн бойы жалғасқан тергеуден кейін кеше кешкісін қамауға алынды. Қала басшысы бірінші сот отырысынан соң сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілікті. Сот процесі әлі жалғасады. Ал, лаңкестік ұйым құрды және Түркияда тыйым салынған «Күрдістан жұмысшы партиясымен» байланысы болды деген айып бойынша шешім қабылданған жоқ. Имамоғлұ өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Қазір шерулердің басылатын түрі жоқ. Сәрсенбі күні Ыстамбұл муниципалдық кеңесі қала басшысының міндетін атқарушыны тағайындауы тиіс. Оппозициялық партия басшысы Өзгүр Өзелдің өзі Сарачханеге жақтастарын күнде шақырып отыр. Назарларыңызға пікірін ұсынамын.

Өзгүр Өзел, «Республикалық халық партиясының» жетекшісі:

- Бұл жерде біз 1 миллионбыз, кетпейміз. Өзгүр өледі. Бірақ Сарачханеден кетпейді. Таксимде маған миллиардтарды беріп, осында жерлесе де, мен Сарачханеден кетпеймін. Бізді Таксим үндеуімен бөлуге тырыспаңдар.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Елдегі жағдай осылай болып жатқанда оппозициялық Республикалық халықтық партиясы (CHP) үш жылдан кейін болатын президенттік сайлауға үміткерін бекіту үшін праймериз өткізді. Түрмедегі қала басшысына шамамен 15 млн адам дауыс берген.

«Бір айта кетерлігі, дауыс бергендердің 1,5 млн-ы ғана партия мүшесі, қалғандары басқа саяси ұстанымнан», - дейді оппозициялық партия жетекшісі Өзгүр Өзел. Себебі, праймеризде екі сайлау жәшігі қойылған. Бірі Республикалық халық партиясының мүшелеріне, екіншісі қалғандарына. Десе де, Имамоғлының үш жылдан кейін болатын сайлауға қатысатыны не қатыспайтыны белгісіз. Себебі, дипломы жарамсыз. Ал, түрік Атазаңында президенттік сайлауға жоғарғы оқу орнын бітіргендер ғана қатыса алады. Дәл қазір Ердоғанның төрағалығымен министрлер кабинетінің отырысы өтіп жатыр. Осы мәселе жиынның күн тәртібінде. Қабылданған шешімдер жайлы алдағы уақыттарда ақпарат таратамыз.