Current Date: 25-03-2025

Рекорд, жастар және статистика: Қазақстан Лихтенштейнге қарсы ойнайды

Бүгін, яғни 25-інен 26 наурызға қараған түні, Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойынын өткізеді. Қарсылас – Лихтенштейн құрамасы. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ұлттық құраманың осыған дейінгі нәтижелеріне үңіліп, ойын алдында шолу жасап көрді.

Ойын алдында

Матч Вадуц қаласындағы "Райнпарк" стадионында өтеді және Астана уақытымен 00:45-те басталады. Ойынды Qazsport телеарнасынан 00:35-те тікелей эфирде тамашалауға болады.

Топтағы бұған дейінгі нәтижелерге тоқталсақ, Қазақстан алғашқы ойында Уэльс құрамасына 1:3 есебімен есе жіберді. Лихтенштейн болса, Солтүстік Македонияға 0:3 есебімен жеңілді.

Бұл топта Бельгия, Солтүстік Македония, Қазақстан, Уэльс және Лихтенштейн құрамалары бақ сынайтынын еске сала кетейік.

Тағы бір жаңалық — Қазақстан құрамасының негізгі қақпашыларының бірі Стас Покатилов жеке себептермен командадан кетіп, бұл ойында алаңға шықпайды. Сонымен қақпашылар сапында Мұхаммеджан Сейсен, Александр Заруцкий және Темірлан Анарбеков қалды.

Бас бапкердің міндетін атқарушы Әли Әлиевтің алдағы ойынға пікір білдірген еді.

Маған команданың көңіл-күйі ұнап жатыр. Уэльспен өткен ойыннан кейін жігіттер қатты күйзелді, өйткені кемінде бір ұпай ала алмадық. Бірақ олар психологиялық тұрғыдан сынып кетпеді. Жігіттер өздерін Уэльспен ойындағы сәтсіздік үшін барын салуға дайын. Біз жақсы ойын көрсетіп, оң нәтиже көрсетуге тырысамыз. Біз мұнда ұпай жинау үшін келдік, — деді бас бапкер.

Жастарға мүмкіндік

Бас бапкер "Дастан Сатпаев пен Ғалымжан Кенжебек сияқты жастар алғашқы минуттардан бастап алаңға шыға ма?" деген сұраққа да жауап берді.

Жас ойыншылар туралы айтсақ, Максим Самородов – 22 жаста, Ислам Чесноков – 26 жаста, ал Ғалымжан Кенжебек – 21-де. Бұл мен үшін жағымды қиындық, себебі кімді негізгі құрамға қоямын деп "қиналамын". Самородов тәжірибелілеу, сондықтан ол негізгі құрамда бастайды. Уэльспен матчта қай ойыншыларды шығарып отырғанымызғы куә болдыңыздар. Мен Кенжебек пен Сатпаевты шығардым, бірақ басқаша да шешім қабылдауға болатын еді. Жалпы айтарым, оларды асықтырмау керек. Олар – біздің болашағымыз және командағы міндетті түрде пайда әкеледі. Мен олардың алаңға шығуға деген құлшынысын көріп отырмын, — деді бас бапкер.

Әли Әлиевтің айтуынша, қазір Қазақстан құрамасындағы ең әлсіз позиция – тіреп тұратын арттағы жартылай қорғаушы. Бұл кездесуге Бахтиёр Зайнутдинов де қатыспайды, Георгий Жуков та ойынға дайын емес.

Осы орайда Рамазан Оразов та ұлттық құрамаға қосылғанын айта кетейік, Енді жанкүйерлер Оразов-Самородов жұбын алаңнан тағы көріп қалуы әбден мүмкін.

Рекорд

Дастан Сатпаев – Қазақстан құрамасының ең жас дебютанты атанды. "Қайрат" клубының шабуылшысы Дастан Сатпаев Қазақстан ұлттық құрамасындағы алғашқы матчына шығып, рекорд орнатты.

Сатпаев ұлттық құрама сапында алғашқы ойынын Кюрасаоға қарсы өткізді (2:0). Ол 16 жас, 7 ай және 8 күн жасында алаңға шығып, Қазақстан құрамасының ең жас дебютанты атанды.

Осылайша, Дастан 2006 жылы Грузияға қарсы өткен матчта 17 жас, 4 ай және 25 күнінде дебют жасаған Жамбыл Көкевтің рекордын жаңартты.

Матчтан кейін жас талант әлеуметтік желідегі жазбасында "Армандар орындалады. Халықаралық дебют. Аллаға шүкір!" деп пікір білдірді.

Еске сала кетейік, 16 жастағы Сатпаев ағылшындық "Челси" клубымен келісімшартқа отырған. ФИФА ережелеріне сәйкес, ол 18 жасқа толған соң, яғни 2026 жылдың тамыз айында Лондонға көшеді.

Ал биылғы маусымда "Қайрат" сапында 3 матч өткізіп, 1 гол соққан жас шабуылшының болашағынан жанкүйерлер үлкен үміт күтіп отыр.

Әлем чемпионаты

2026 жылғы әлем чемпионатының Еуропа аймағындағы іріктеу топтары белгілі болды. Германия, Португалия, Испания және Франция құрамалары Ұлттар лигасының ширек финалындағы жеңістерінен кейін ЧМ-2026 іріктеу кезеңіндегі топтар құрамы түпкілікті бекітілді.

Еуропа аймағы бойынша іріктеу топтары:

  • A тобы: Германия, Словакия, Солтүстік Ирландия, Люксембург

  • B тобы: Швейцария, Швеция, Словения, Косово

  • C тобы: Дания, Греция, Шотландия, Беларусь

  • D тобы: Франция, Украина, Исландия, Әзербайжан

  • E тобы: Испания, Түркия, Грузия, Болгария

  • F тобы: Португалия, Венгрия, Ирландия, Армения

  • G тобы: Нидерланды, Польша, Финляндия, Литва, Мальта

  • H тобы: Австрия, Румыния, Босния және Герцеговина, Кипр, Сан-Марино

  • I тобы: Италия, Норвегия, Израиль, Эстония, Молдова

  • J тобы: Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония, Қазақстан, Лихтенштейн

  • K тобы: Англия, Сербия, Албания, Латвия, Андорра

  • L тобы: Хорватия, Чехия, Черногория, Фарер аралдары, Гибралтар

Қазақстан құрамасы J тобында Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен бірге ойнайды.