Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Кирилл Герасименконы абсолютті чемпион атағымен құттықтады. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мені жеңісіммен және Қазақстанның абсолютті чемпионы атағыммен құттықтады. Бұл үлкен мәртебе, маған сеніп, мені қолдағандардың барлығына ризашылығым шексіз. Ел спортының дамуына жағдай жасап, еліміздің даңқын асқақтату мүмкіндігі үшін ерекше алғыс айтамын», деп жазды спортшы.
Герасименко Мемлекет басшысы қол қойған құттықтау хатының мәтінін жариялады.
Спортшы Алматыда өткен үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында үш алтын жеңіп алып, 2025 жылғы еліміздің абсолютті чемпионы атанды. Ол барлық санатта үздік нәтиже көрсетті.