ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин шетелдік көздерден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділер қызметі туралы пікірін білдірді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
— Мұндай ұйымдар мен адамдар өте көп, олар қандай да бір жағдайға немесе мәселеге «жабысып», пайда көруге тырысады. Қызығы сол, олар тіпті бұл проблемалардың шешілмеуіне көбірек мүдделі болуы мүмкін. Өйткені бұл оларға материалдық әрі психологиялық тұрғыдан тиімді, — деді Ерлан Қарин Qogam News YouTube-арнасында журналист Динара Сәтжан мен саяси шолушы Әділ Сейфуллинмен сұхбатта.
Оның айтуынша, мұндай белсенділер мен ҮЕҰ өкілдері Қазақстандағы оң өзгерістер туралы хабар таратуға аса мүдделі емес.
— Олар үнемі тек жағымсыз есептер жібереді. Себебі оң өзгерістер болса, сөз бостандығы, демократия деңгейі, адам құқықтарының сақталуы бойынша рейтингтерде еліміздің орны өзгереді. Бұл жағдайда оларды қаржыландыру тоқтауы мүмкін. Сондықтан көпшілігі үшін бұл – бизнес, — деп түсіндірді Е. Қарин.
Бұған дейін Қазақстанда шетелдік агенттер туралы заң қабылдау ұсынылды. Онда депутат Ирина Смирнова Қазақстанда шамамен 200 ҮЕҰ шетелден қаржыландырылатынын, олардың 70%-ы әртүрлі көздер арқылы АҚШ-тан қаржыландырылғанын мәлімдеген болатын.