Current Date: 29-03-2025

Астанада Ұлттық ұлан әскери қызметшілері өрттің таралуына жол бермеді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мереке күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, Орынбор көшесінде салынып жатқан нысанда шыққан өртті сөндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әскери жасақ бастығы Ерасыл Төлеген мен патрульдеушілер Бекзат Мерлатов, Диас Амангелді ең бірінші болып өртті байқап, бірден әскери жасақ кезекшісіне баяндады.

Одан соң ұландықтар уақыт жоғалтпай, өрттің таралуын болдырмау үшін тиісті шараларды қабылдап, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақты қоршауға алды.

Сонымен қатар әскери қызметшілер дереу өрт сөндірушілерді шақырды. Олар оқиға орнына жылдам жетіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Ұландықтар мен өрт сөндірушілердің батыл әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болды.

Еске сала кетейік, мереке күндері құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қызметтерін күшейтілген режимде атқарды.